Русский Сайттың толық нұсқасы

Танымал дәрігерді қаланың қақ ортасында атып кетті

  • AstanaTV
  • 04 сәуір 2022
  • 2994

Алматылық  дәрігерді қаланың қақ ортасында  атып кетті.  Басына оқ тиген белгілі гастроэнтеролог Юрий Шумков тілге келместен көз жұмған.   Мегаполисті дүр сілкіндірген оқиға   туралы толығырақ  тілшіміз Әсем Лесбек айтады.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
 
Қанды оқиға таңғы 9-дар шамасында Бостандық ауданында болған. Көлік тұрағына бет алған дәрігерді күдікті аңшы мылтығымен атқан.

Куәгерлер марқұмның алдымен денесіне, кейін басына оқ атылғанын айтады.  Артынша күдікті  ізін жасырды дейді.
 
Садықжан ЮЛДАШЕВ, КУӘГЕР:

Оқ атылған дауысты ести сала мұнда жүгіріп келдім. Келсем басынан қан жоса боп бір адам жатыр. Қолына мылтық ұстап көлікке отырған ер адамды да көрдім. Көліктің түсі көк, нөмірі 309 болатын. Бар білетінім осы.
 
Полиция Департаменті қалада жедел іздестіру шарасы барысында 35 жастағы ер адамды қолға түсірді. Күдікті Алатау  ауданындағы Шаңырақ ықшамауданы аумағынан құрықталған.  Қамауға алынды. Болжам бойынша ол дәрігерге қаралған  науқас болуы мүмкін.
 
Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
 
Бір сағатқа уақыт жетер-жетпестен бұл азамат қолға түсті. Бұл осы автокөліктің ішінде жолаушы болып кетіп бара жатқан. Аңшы мылтығы өзінің қолынан табылды. Сол автокөліктің тізгінінде отырған азаматтың да рөлін міндетті түрде тексеретін боламыз.
 
Марқұмның артында жары мен екі баласы қалды. Үлкені биыл мектеп   бітіреді. Әріптестері бұл жағдайға әлі сене алмай отырмыз дейді.   
 
Ләйлә ТАШЕНОВА, МАРҚҰМНЫҢ ӘРІПТЕСІ:

Марқұммен қанша жылдан бері жұмыс істедік. Керемет маман еді. Науқастардың барлығы мақтап, рахметін айтып кететін. Оның еміне көңілі толмаған адамды көрмеппіз. Жұмыста да ешқандай олқылықтары болмаған. Естігенде аң-таң болдық.
 
Күдіктінің неліктен мұндай әрекетке барғаны әзірге белгісіз.   Оқ атылған аңшы мылтығы сот-медициналық сараптамаға жіберілді.   
 
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Ал іс қылмыстық кодекстің 99 бабы бойынша яғни адам өлтіру бабымен  тергелуде. Ер адам кінәсі дәлелденсе  сегіз жылдан он бес жылға дейiн бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ә. Лесбек