Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайлық диқандар Ресейден алған астық тұқымын елге жеткізе алмай отыр

  • AstanaTV
  • 04 сәуір 2022
  • 1337

Қостанай облысында тұқым  қымбат.  Былтыр  қуаңшылықтың кесірінен шығынға батқан  шаруалардың  оны сатып алуға шамасы жоқ.  Ал Ресейден арзан астық тұқымын алғандар оны елге   жеткізе алмай отыр.  Көктемгі егіс науқанының түйткілдері  Заңғар Санайдың репортажында.

Бидайдың бітік шығуы  еккен дәннің сапасына байланысты. Мәселен «Омский 18» деп аталатын мына бидай тұқымының өнімі мол, қамырлығы жоғары, құрғақшылыққа  төзімді. Шаруашылық басшысы  Мереке Смағұлов биыл мың тонна элиталы тұқым сатқанын айтады. Әр тоннаның  құны шамамен 180 мың теңге.

Мереке СМАҒҰЛОВ, ШАРУА:
 
Бізде 180 мың теңгеден кемі жоқ 2 репродукция. Элиталар 200 мыңға шығып кетті. Неге десеңіз жәй тауарлы бидай әлемдік нарықта 400 долларға кетіп қалды. Санкциядан кейін теңгеге  доллар көтеріліп кетті ғой. Соған байланысты баға да көтеріліп кетті.

Қостанайлық диқандар Ресейден  8 мың тоннаға жуық   арзан астық тұқымын сатып алған. Бірақ оны шекара асыру қиынға соғып тұр. Өйткені көрші ел астық экспортына тыйым салған көрінеді.  Бұл шектеу былтырғы қуаңшылық кесірінен шығынға ұшыраған шаруаларды тығырыққа тіреп отыр.

Татьяна ПФУНТ, ШАРУА:

Кейбір диқанның  айналымында қаржы қалмаған. Егісті уақытында бастау үшін қазірден тұқым, жанар-жағармай сатып алып, жұмысшылардың жалақысын төлеуі керек.  Үкімет тарапынан  қолдау болмаса, олардың халі мүшкіл.

Биыл  көктемгі егіске  530 мың тонна тұқым керек. Ауыл шаруашылық басқармасының мамандары себетін дән жеткілікті дейді.  Бірақ құны қымбат. Басқарма өкілдері  жеңілдетілген несие беру жолдары қарастырылып жатқанын айтады. Егіс науқанын  қаржыландыруға облыс бойынша 26 миллиард  теңге қарастырылған.   

Нұрсұлтан ҚАБДЕЛОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Азық түлік келісім шарт корпорациясымен форвардтық сатып алу бағдарламасы  бойынша 28,9 миллиард теңгеге несиелендіру жоспарланып отыр.Бүгінгі күнге 16,5 миллиард теңге төленді.
 
Ал Ресейден сатып алынған  тұқымды шекарадан өткізу жолдарын қазір қос мемлекеттің Үкіметі  қарастырып  жатыр. Бұл мәселе жуық арада оң шешімін табады, дейді облыстық басқарма мамандары.
 
З. Санай