Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланды

  • AstanaTV
  • 29 маусым 2016
  • 3685

Қазақстан әлемдегі жоғарғы саяси органның қатарына қосылды! Алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланды. Ұйымның штаб пәтері орналасқан Нью-Йоркте мүшелерді сайлау аяқталды. Қазақстанды 193 елдің 138-і қолдаған.

Еске салайық, Бас ассамблеяның 70 жылдығына орай өткен жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасап, бірқатар ұсыныстар білдірген. БҰҰ штаб-пәтерін Орталық Азияға көшіру бастамасын көтерді. Терроризмге қарсы күресте жұдырықтай жұмылуға шақырды. Қазақстанды 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа міндеттер күтіп тұр. 

БҰҰ Бас ассамблеясы Қауіпсіздік Кеңеске 5 тұрақты емес мүшесін сайлады. 2017-2018 жылдарға. Азия-Тынық мұхиты аймағынан бір орынға екі ел таласты. Қазақстан мен Тайланд. Екіншісі 1985-86 жылдары тұрақты емес мүше болған. Осы жолы делегаттар Қазақстанға басымдық берді. Қажетті 129 дауыстың орнына 138 дауыс үлесімізге тиді. Сенат спикері бұл Елбасы бастаған отандық дипломатияның жеңісі дейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Бұл шын мәнінде тарихи оқиға. Ең алдымен барлық сенаторлар атынан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты және барша қазақстандықтарды тарихи оқиғамен құттықтаймын. Қазақстанның осындай беделді жәрі жауапты миссияны абыроймен атқаратынына кәміл сенеміз.

Кеңеске 15 ел мүше. Қытай, Франция, Ресей, АҚШ пен Ұлыбритания - тұрақты мүшелері. Тағы 10 мемлекет тұрақты емес мүше болып 2 жыл мерзімге сайланады. Мысыр, Сенегал, Украина, Уругвай мен Жапонияның өкілеттігі 2017 жылы аяқталады. Ал Ангола, Венесуэла, Испания, Малайзия мен Жаңа Зеландияның мүшелік мерзімі жыл соңында аяқталады. Олардың орнын басатын елдер қатарында Қазақстан да бар. Бұған дейін тұрақты емес мүшелерді сайлау күзде өтетін. Алайда, биыл тәртіп өзгерді. Жаңадан сайланғандар жұмысқа ертерек қамдансын деген ниетпен. Қауіпсіздік Кеңесі - халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін ұйым. Қазақстан бұл жолда қыруар іс тындырды. 

Кеңеске мүше әрбір мемлекет өзі сайланған аймақтың проблемаларын тізіп, оларды шешудің жолдарын ұсынады.  Қазақстан мемлекет басшысының "Əлем. ХХІ ғасыр" тарихи манифестіне сай, ядролық қарудан бас тарту, терроризмге қарсы күрес, тұрақты даму мен жаһандық қауіпсіздік иедяларын алға тартатын болады.

Мұхтар Алтынбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Қазақстанның өзінің саясаты, ішкі саясаты, сыртқы саясаты, еліміздің тұрақтылығы, бітімгершілік жұмысы Иранға қатысты, басқа жерлерге де қатысқан. Сондықтан өзінің үлесін, үлкен сенімін дүние жүзілік қауымның ақтайды деп ойлаймын.

Бірғаным Әйтімова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Біздер терроризмге мүлде қарсымыз, ол ешқандай бір нәтижеге әкелмейді. Ол тек қана хайуандықтың іс-әрекетіне жатады. Президентіміздің ұсынысы бойынша барлық террористік ұйымдардың тізімін біркелкі барлық елдерге жеткізу керек.

Айта өтейік, Кеңеске қандай да бір арыз түскен жағдайда, әуелі тараптарды бейбіт жолмен татуластыру қарастырылады. Кей жағдайда араағайындық жолмен, тергеу-тексеру жүргізу тәжірибесі де бар. Миссия жіберіп, арнайы елшілер тағайындалуы да мүмкін. Егер жанжал әскери қақтығысқа дейін жетсе, оқ атуды тоқтату туралы нұсқау береді. Сондай-ақ, Қауіпсіздік Кеңесі мәжбүрлеу шараларына көше алады. Мәселен, экономикалық санкция енгізу, дипломатиялық қарым-қатынасты тоқтату, блокада мен ұжымдық әскери шараларға көшуге дейін. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі көптеген ғаламдық мәселелерге назарын аударып отыр. Кеңестің соңғы жиынында Ұлыбританиядағы толқулар, шетелдіктер мен босқындарға шабуылдардың жиілеп кеткені сынға алынды.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА