Русский Сайттың толық нұсқасы

Балалар төбесі мен қабырғасы опырылған мектепте оқуға мәжбүр

  • AstanaTV
  • 05 сәуір 2022
  • 1997

Солтүстік Қазақстанда Токуши ауылындағы мектептің шатыры мен қабырғасы опырылып түсті. Абырой болғанда ол кезде сабақ біткен,  ешкім зардап шеккен жоқ.  Ғимараттың төбесі былтыр ғана жөнделген көрінеді. Енді жергілікті билік шатырды қайта қалыпқа келтіру үшін  тағы қыруар қаржы бөліп отыр.  Мектеп неге апатты деп танылмаған? Ал балалар енді оқуды қайда жалғастырады?   Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкиннің бейнематериалы.  

Білім ордасының акт залы жартылай қирады. Осында білім алып жүрген 265 бала бір күн бұрын жаппай бірінші ауысымға ауыстырылған. Алайда, кабинет жетіспейтіндіктен,  кейбір сыныптар акт залында оқыпты. Мұғалімдер қабырғаның мүжіліп жатқанын байқап, балаларды сыртқа шығарып үлгерген көрінеді.  

Гүлшара ХАМИДУЛИНА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Кеше таңертен акт залында ағылшын пәні өтіп жатты. Кейін қабырғадан ұсақ тастар түсе бастады. Біз бір сабақ өткізіп, балаларды басқа класқа ауыстырдық. Ал кешке апат кезінде акт залында ешкім болмады. Мен ол кезде басқа кабинетте он бірінші сыныпқа сабақ беріп жаттым.


1960 жылдары бой көтерген мектеп сол кезден бері күрделі жөндеу көрмеген. Былтыр акт залының шатырына 12 миллион теңге бөлініп, бірен-саран жыртығы жамалыпты. Билік өкілдері биыл шатырды түгел ауыстыруды жоспарлаған. Алайда, жұмыс тым кеш қолға алынғандықтан, енді шатырдан бөлек,  мектептің бірақ жерін жөндеуге тура келмек.

Нәзір ЖӘШІБЕКОВ, СҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Биыл осы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 44 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда арнайы комиссия құрылды. Осы комиссия жұмыс істеуде. Кейін шешім қабылдап, нақты себебін анықтайды.

Ғимарат бұған дейін апатты деп танылмаған. Қазір да бұл мәселе қарастырылмайтын көрінеді. Сондықтан басшылық қашықтан оқып жатқан балаларды бір аптадан кейін жартылай қирап жатқан мектепке қайтаруға мәжбүр.  

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Қазір теріскейде 3 мектеп ресми түрде апатты деп танылға. Жергілікті билік биыл тиісті қаражат бөліп,  нысандарды жаңғырту жұмыстарын бастамақшы.  Жалпы,  облыс бойынша 55 мектепке  жөндеу жүргізу жоспарда бар.   


А. Құрманкин