Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұн тапшылығы болуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 05 сәуір 2022
  • 1513

Павлодарда ұн тапшылығы болуы мүмкін. Қазір қоймада тек екі аптаға ғана жететін астық қалған. Осылай деп дабыл қаққан өңірдің ұн өндірушілері мәселеге Үкімет жедел түрде араласпаса, жағдай тіптен қиындап кетуі мүмкін - дейді.  Өйткені,  аймақтағы бидайдың бәрі экспортқа шығатындықтан, шикізат табу мүмкін болмай тұр. Сондықтан,  кәсіпкерлер астық экспортына баж салығын салу сұрайды. Ал бұған диқандар үзілді-кесілді қарсы. Тараптардың уәжін әріптесім Өзгеріс Қуанар  жеткізеді.

Ербол Досыбаев басқаратын диірмен бірінші сұрыпты әлеуметтік ұн өндіреді. Бұған дейін кәсіпорын шикізатты Ресейден алып келген. Бірақ, көрші елмен алыс-беріске шектеу енгізілгелі жағдай біршама қиындап кеткенін айтады. Өйткені, жергілікті диқандар бидайды өз елімізде сатқаннан гөрі шетелге жөнелткенді жөн көреді – дейді Ербол.

Ербол ДОСЫБАЕВ, ҰН ӨНДІРУШІ:

Жылына 120 тонна ұн шығарамыз. Биыл жылдық қуаттылығымызды жаба алмаймыз ба деп қорқып отырмыз. Шикізат аз. Сондықтан кәсіпорын жабылып қалуы мүмкін. Әзірге бір аптаға жететін шикізатымыз бар. Үкімет қолдау білдірмесе, аймағымыз әлеуметтік ұнсыз қалуы мүмкін.


Шикізаттан тарыққан ұн өндірушілер  экпорттық баж салығын енгізуді сұрайды.   

Жанар СЕРІМОВА, «ҚАЗАҚСТАН АСТЫҚ ӨҢДЕУШІЛЕР» ОДАҒЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Соңғы жылдары ресейлік шикізатты өңдеп жатырмыз. Себебі біздің бидай шетелге кетеді. Бұл жағдайдың салқыны бізге тиіп отыр. Ал салық төлеп, жұмыс орындарын ашатын отандық өндірушілер астықсыз қалып отыр. Біз Үкіметтен экспортталатын бидай көлемін бір жарым миллион тоннаға азайтуды ұсынып отырмыз. Бұл – елдегі барлық ұн тартушылардың тілегі.

Ал баж салығын енгізуге астық өсірушілер қарсы. Олардың айтуынша, бидайды шетелге шығармаса,  қамбада шіріп кетуі мүмкін. Диқандардың сөзінше, отандық бидайға сұраныс аз.

Ерлан ТОҚТЫШАҚОВ, ДИҚАН:
 
Егер біз экспортты жапсақ онда біз де ол жақтағы тұтынушыларымызды жоғалтамыз. Бидай жеткілікті, Ресейден де контрабандалық жолмен арзан бидай келіп жатыр.  

Қазір қоймада екі аптаға ғана жететін астық бар.  Бірақ, ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша,  мәселе  шешіледі.

Әсемгүл БЕКТҰРОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Сегіз ұн тартатын кәсіпорындармен меморандумға қол қойылды. Олар 119 теңге бағамен сату бойынша килограмы ұнның. Нәтижесінде бөлшек саудада нанның бағасы 95 теңгеден аспауы қажет. Жылдың жаңа өнімі шыққанша.

Аймақта 20-дан аса ұн тартатын диірмен бар. Басқарма оларға 50 мың тоннадан астам бидайды өңдеуге берген. Бірақ, бұл шикізат нарықты толық ұнмен қамтуға жетпейді.  

Ө. Қуанар