Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау инженерлік-гуманитарлық институты лицензиясынан айырылды

  • AstanaTV
  • 05 сәуір 2022
  • 2827

Елімізде тағы да бір жоғарғы оқу орыны лицензиясынан айырылды.   Бұл туралы білім министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді. Аталған ведомствоның сапаны қамтамасыз ету комитеті  20 жылдан астам тарихы бар Атырау инженерлік-гуманитарлық  институтын тексеріп, көптеген заң бұзушылық анықтаған. Мәселен,  оқытушылар  бір уақытта әр түрлі тілде оқытатын  екі түрлі топқа сабақ өткізгенімен, оқу жүктемесі бөлек-бөлек  есептелген. Одан бөлек кейбір сабақтар мүлдем өткізілмепті. Нәтижесінде студенттер  оқу пәндерін толық меңгермеген.

Мөлдір ӘБДУАЛИЕВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
 
Атырау инженерлік-гуманитарлық институты көптеген заң бұзушылыққа байланысты бас  лицензиясынан айырылды. Бірқатар білім беру бағдарлама  бойынша оқу әдістемелік ғылыми әдебиеттер жоқ. Яғни студенттердің сапалы білім алуына жағдай жасалмаған.  Мұны тест тапсырған студенттердің  білім нәтижелері растады. Яғни институт студенттерінің 90 пайызы  шекті баллды жинай алмады.

Мөлдір Әбдуалиева институт лицензиясынан айырылған сәттен бастап студенттер оқуын жалғастыру үшін басқа ЖОО-ға ауысуға құқылы екенін ескертті. Бүгін институтта сабақ процесі  үзілмеген. Студенттердің де, оқытушылардың жүзінен алаңдаушылық байқалады. Бірақ институт ректоры министрліктің  ақпаратын жоққа шығарды. Айтуынша,  Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты лицензиядан бір ай мерзімге ғана айырған.  Олар ескерту бойынша қаулының күші енбегенін айтып, сотқа жүгінетінін мәлімдеді.

Ерсайын ИХСАНОВ, АТЫРАУ ИНЖЕНЕРЛІК-ГУМАНИТАРЛЫҚ ИНСТИТУТЫНЫҢ РЕКТОРЫ:

Соттың шешімін олар қате айтып тұр. Соттың решениесінде бір айға айыру деп жазылып тұр. Іс қаралып жатыр ғой. Олар 4 ескерту бойынша сотқа берді. 3 ескерту бойынша министрліктің өзінің хаттамасы, протоколын шығарды.  Олардың екеуі де күшіне енген жоқ.  Комитет жаба алмайды. Сот жабады. Енді өзіміз сотқа берейін деп отырмыз.

Б. Надірқызы