Русский Сайттың толық нұсқасы

Өзеннің үстіне үй салған: 50-ден астам отбасы далада қалды

  • AstanaTV
  • 06 сәуір 2022
  • 2130

Қарағанды қаласында 3 көпқабатты тұрғын үй суға кетті. Ондағы 50 -ден астам отбасы шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшірілді. Мамандардың айтуынша, бұл баспаналар  Бұқпа өзенінің үстіне салынған. Енді жергілікті әкімдік  ол үйлерді бұзамыз, дейді.  Пайдалануға берілгеніне 4-ақ жыл болған  үйдің  тұрғындары енді қайда барады? Заңсыз құрылысқа кезінде кім рұқсат берген?   Тілшіміз Айжан Қуаш мәселенің мән-жайын тарқатады.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Кеше түнде елуден астам отбасы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Өйткені судың деңгейінің көтерілгені соншалық тұрғындарға электр сымдарынан қауіп төнген. Сөйтіп адамдар тез арада қауіпсіз аумаққа көшірілді. Сөйтсе мәселе суда емес, басқада болып шықты.

Сарқыраған суды тұрғындар кеше ауладағы бетондарды аршыған кезде ғана көріпті.  4 жыл бұрын ғана пайдалануға берілген баспананы жеке кәсіпкер салып, сатқан. Жұрт пәтерлерді  15- 20 жылға ипотекамен алған. Айына 170 – 200 мың теңге  несие төлейді. Өзеннің үстінде тұрған құрылыстыенді жергілікті әкімдік бұзамыз дейді.   

Назым ҚАЛИЕВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз арнасын көрген жоқпыз, біз ойлаған жоқпыз мына жерде арнасы бар деп. Енді өзен ағып өзен сарқырап біздің үй тұруға ыңғайсыз, болмайды,- деп шығарып жатыр. Ал біздің баратын жеріміз жоқ.  

Тамашагүл БЕКОВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қаншама ақшаға алдық квартираны. Өзім тұрып жатқаныма бір жыл болған жоқ. Ремонтқа қаншама ақша жұмсадым. Енді қазір подснос жібереміз дейді. Акимат қайда қарады қабылдаған кезде? Неге рұқсат берді?  


Қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, үйлердің өзен арнасына салынуы кез келген құрылыс ережесіне қайшы.  Қатты ағыс нысанды құлатпай қоймайды дейді.   Қазірдің өзінде шеткі үйдің іргетасы ажырай  бастаған.  

Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Үш үйде қауіпті жерде тұр. Бұл 12- інші жылға дейін водоохранная зона болмаған.  Сол кезде алған жерлер ғой. Содан сатқан. Сатып алған кісі осы жерге үй салған. Тексерген кезде кім рұқсат берді. Қандай уақытта рұқсат берді. Неге берілді? Соның бәрін құқық қорғау органдары тексереді.
 
Үйлерге техникалық сараптама жасалмақшы. Содан кейін ғана  шешім шығарылады. Пәтер иелері басқа үйге көшірілуі мүмкін. Ал  құрылыс компаниясын әкімдік сотқа бермек.   

Гүлім АХМЕТОВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Төртінші күн болды свет ештеңе жоқ, жүрміз осылай далада балалармен.

50 ден астам отбасы қазір  туыстарының үйін жағалап жүр. Жергілікті әкімдік ұсынған қонақүйде не су, не әжетхана болмаған соң бас тарттық дейді. Ал мына үйлерге уақытша тұрудың өзі мүмкін емес. Жарық қосуға болмайды. Үйге кірген суды тартып, тауысу мүмкін емес. Сонау 8 шақырымдағы Үштөбе ауылынан келген дала суы да бүкіл қаланы аралап кеп, Бұқпаға құйылып жатыр. Оның үстіне қала көшелерінде  суағарлар болмағандықтан су тасқынының қаупі сейілмей тұр.   

А. Қуаш