Балабақшадағы бассыздық. Елордада ерекше балаларға арналған балабақшада тәрбиешілер бүлдіршіндерді соққыға жықты. Қоғам арасында жиіленіп кеткен жайтқа байланысты жауапты министрлік не дейді? Инклюзивті балаларға арналған балабақшаның осы уақытқа дейін заңсыз жұмыс істегені рас па? Толығырақ әріптесім тарқатады.
Бүгін әлеуметтік желі тағы шулады. Бұған мына кадрлар себеп болды.
Ал мына бір бейнежазбада, баланың басынан теуіп жүргені көрінеді. Балабақша тәрбиешілері тыңдамаған баланы сөзбен емес, таяқпен тәрбиелеуге көшкен.
Қаланың қақ ортасында орналасқан балабақшаға бізде барып көрдік.
Жауапты қысқа ғана қайырып, қызметкер ішке кіріп кетті. Артынша "жұмыс істемейді" деген балабақшаға, баласын алып кету үшін ата-ана да келді. Олда бұл жағдайдан хабардар екен. Айтуынша, баласы бұған дейін шағым айтпаған. Әлеуметтік желіден көріп жағамды ұстадым дейді.
Жанар МҰҚЫЖАНОВА, АТА-АНА:
Бүкіл садиктегі балалар осындай, түсінбейді, сөйлемейді. Туалетке сұранбайды. Енді оларды ұруға болмайды. Кеше группаларда жазады, жабады оларды, енді басқа балабақшаға үйренгенше білмеймін.
Құзырлы органдар берген ресми мәліметке сүйенсек, тәрбиешінің үстінен кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Ал жауапты министрлік, балабақшаның мемлекетке қатысы жоқ екенін алға тартты. Ерекше балаларға арналған балабақша 1 жыл бойы заңсыз жұмыс істеген. Бұны мониторинг барысында анықтапты.
Майра МЕЛДЕБЕКОВА, ҚР БҒМ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ САЛАСЫНДА САПАНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Мониторинг топтың қазіргі нәтижесінің ақпаратына қарасақ, біріншіден бұл жеке балабақша, бұл балабақшаға мемлекеттік тапсырыс орналастырылмаған, балабақшаның әкімшілігі өздерінің балабақшаның жұмыс жасауын барысын хабарлама берілмеген, яғни, біздің тізімде де орналаспаған болып тұр.
Қоғам белсендісі Айша Құрманғалиқызы да, мектепке дейінгі мекемелерді құзырлылар назардан тыс қалдырғанын айтады. Айтуынша, уақытында мониторинг жасап, тексеріп отырса жағдайдың алдын алар еді дейді. Аталған мекемелер бүгінде бала тәрбиелейтін орын емес, табыс көзін іздейтін бизнес болды деп отыр.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Мемлекеттің балаларын тәрбиелеп отырғаннан кейін, біздің құзырлы органның назарынан тыс қалмау керек, өкінішке орай, жекеменшік балаларды назардан тыс қалдырған сияқты. Сондықтан олар қадағалау, тексеру болмағандықтан, әшейін ғана бала тәрбиелеудің орны емес, бір табыс табудың орнына айналғандай. Ондағы баланың психологиялық-физиологиялық жағдайын назардан шығарып тастағандай.
Министрліктің берген мәліметінше, елімізде 10 мыңға жуық балабақша бар, оның 2-мыңы ерекше балаларға арналған. Маманның айтуынша, бұдан былай тексеріс үнемі жүріп отырады. Келеңсіздікті байқаса балабақшаларға ескерту жасайды. Одан нәтиже шықпаса лицензиясынан айырып, балабақшаны жауып тастауы ықтимал.
Ә. Дүкембаева