Русский Сайттың толық нұсқасы

Өзбекстан Ресейге көлік экспортын тоқтатты

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2022
  • 1645

Елде екінші деңгейлі банктер жаппай несие беру талаптарын күшейтіп жатыр. Ал, Өзбекстан Ресейге көлік экспорттауды тоқтатты.  Толығырақ "Экономика жаңалықтарында".   

Соңғы үш айдағы көрсеткішке сенсек, банк алдындағы берешегін төлеуді кешіктіретіндер көбейген. Бірінші несие бюросының мәліметіне қарағанда наурыздың басында уақытылы қайтарылмаған қарыздың жалпы сомасы бір триллион теңгеден асқан. Қарызды қайтармай жүргендердің басым бөлігі – Халық банк пен Каспий банктің клиенттері. Осыдан болар қазір қаржы ұйымдары несие беру талаптарын күшейте бастаған. Тіпті несие тарихы жақсы азаматтардың өзіне бөліп төлеуге қарыз бермей жатқан көрінеді. FINANCE.kz басылымының мәліметіне қарағанда қаңтардан бері елде кепілсіз несие беру көрсеткіші 0,6 процентке азайды. Қарыз алушылардың азаюы 2018 жылдан бері алғаш рет тіркелді.

Бүгін теңге бағамы қайта нығайды. Қор биржасында АҚШ валютасының орташа бағамы 462 теңгені құрады. Kurs.kz порталының мәліметінше, айырбастау пунктері долларды орташа есеппен 464-467 теңгеге сатып алып, 468-470 теңгеге сатып жатыр.

Санкцияларға байланысты Өзбекстан енді Ресейге көліктерін экспорттамайтын болды. Себебі көрші мемлекетте жасалатын көліктердің  маңызды бөліктері Оңтүстік Кореядан жеткізіледі. Өзбекстан көліктерін экспорттауды тоқтатпаса, автобөлшектерді зауытқа жеткізу тоқтатылар еді,-дейді компания өкілдері. Ақпаратты Детройттағы General Motors штабы растады.

GENERAL MOTORS ӨКІЛІ:


UzAuto компаниясы 2022 жылғы 9 наурыздан бастап Chevrolet автокөліктерінің Ресейге экспортын тоқтатты.

Кәсіпкерлік ісіне заңсыз араласқан құзырлы тұлғаларға жаза қатаңдатылуы тиіс. Сенат депутаты Андрей Лукин тиісті заңға өзгеріс енгізуді сұрады. Өйткені шағын және орта бизнес иелерін тексеруге мораторий енгізілгенін қаперге алмай отырғандар бар. Депутаттың сөзінше, 2020 жылы әрбір 3-тексеру шағын кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне жасалды. Әрбір 5-тексеріс кәсіпкерлердің құқығын бұза отырып жүргізілген. Шамамен 12 мыңнан аса бизнес өкілінің құқығын бұзу дерегі тіркеліпті. Тіпті құзырлы емес органдардың тексеріс жүргізгені де анықталды, деді Андрей Лукин.

Б. Сатуов