Русский Сайттың толық нұсқасы

Сырдариядағы мол судың егінге көмегі болмай тұр

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2022
  • 1960

Сырдарияға жоғарыдан түсіп жатқан мол су күріш көлемін көбейтуге негіз бола алмайды. Мамандар осылай дейді. Айтуларынша, қазір дарияға соңғы 5 жылда болмаған  су құйылып жатыр. Бірақ, бұл егін науқанында азаятынын айтады. Несібесін жер анадан терген егіншілер енді тығырықтан қалай шықпақ? Мөлдір Тоқтасынқызының бейнематериалы.

Былтырғы жыл Сыр дихандарына оңайға соқпады. Егіс көлемін азайтып, қосымша насостар орнатудың арқасында тығырықтан әзер шықты. Ал биыл жағдай одан да күрделі. Мамандардың болжамы бойынша вегетациялық кезеңде Сырдария өзеніне жылдағыдан 30 пайызға кем су келеді. Сондықтан шаруалар әр тамшыны үнемдеудің жолын қарастыруға мәжбүр.

Әліби БЕКЖАНОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Биылға аз болады деген соң біз көлемді азайтқанбыз. 1417 гектарға жоспарлап едік күзде. Қазір оданда азайтып 1340 гектарға жобалап отырмыз. Басқа дақылдармен жұмыс жасап жатырмын қазір. Тамшылатып суару әдісімен 20гектарға картоп егуді жоспарлап отармын. 5 гектар сәбіз, қант қызылшасын көрсек деп жатырмын.
 
Мамандардың айтуынша, Қызылорда облысына Сырдария өзені арқылы  700 текше метрге жуық  су келіп жатыр. Бірнеше жылдан бері қурап қалған шабындықтар мен көлдер жүйелеріне тіршілік нәрі келіп, қан жүгіруде.  Бұл шаруаларға үміт сыйлап еді. Бірақ  мамандар ол арқаны кеңге салуға негіз бола алмайды дейді. Жоғарыдан  мол судың түсуін ауа райының күрт жылуымен байланыстырып отыр.

Сейілбек НҰРЫМБЕТОВ, СУ РЕСУСТАРЫН ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ ЖӘНЕ ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ АРАЛ-СЫРДАРИЯ БАССЕЙНДІК ИНСПЕКЦИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:

Ауа райының жылуына байланысты ол жақтарда егін егу жұмыстары да басталып кеткен. Сондықтан Қайрақұм су қоймасынан төмен қарай бізге келетін су көлемі де бізге қарай біртіндеп азайып жатыр. Өйткені Шардараға келетін суды есептеп, бізден төмен қарай суды мүмкіндігінше Көксарайға жинап биылғы жылдың егісіне қалғанын төменқарай жіберетін боламыз.

Қазір   Көксарай қоймасында да су былтырғыға қарағанда әлдеқайда кем. Мамандар сәуір айында жауын аз түссе жағдайдың күрделі болатындығын айтып дабыл қағуда. Сондықтан күріш алқаптарының көлемін қысқарту міндеттелуде. Ал бұл несиеге техника алған шаруаларды шығынға батырмақ. Қазірдің өзінде  облыс дихандарының мойынында 13 млрд теңге қарыз бар. Жауапты басқармадағылар шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында жұмыстар жүргізіп жатырмыз дейді.

Жүсіпбек ӘЖІБЕКОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Күріш көлемі қысқарған сайын өнімділігі азаятыны белгілі. Сондықтан төлей алмайтындықтан ұсыныстар жасалғандықтан біз «КазАргофинанс» мекемесінің Астана қаласындағы негізгі басшыларына облыс әкімінің атынан хат жібердік. Бұл жерде біздің шаруалардың төлейтін қарыздарын прлаканция, мерзімін ұзарту жөнінде ұсыныс жасалып жатыр. Ол қолдау табады.
 
Былтыр 83,6 мың гектардан астам жерге күріш егілсе,   биыл ол  25 пайызға азайды.   Бұл аймақ экономикасына салқынын тигізеді. Дегенмен, жауаптылар   Сыр маржанының бағасын тұрақты ұстап тұруға тырысамыз дейді.

М. Тоқтасынқызы