Русский Сайттың толық нұсқасы

"Астық тапшылығын болдырмау үшін шаруаларға барынша қаржы бөлу қажет", - экономист

  • AstanaTV
  • 11 сәуір 2022
  • 1108

Қазақстанда ұн тапшылығы болу мүмкін. Осылай деген диірменшілер бір аптаға жететіндей бидай қоры қалғанын айтуда. Тіпті, кейбіреулері жабылып қалған. Ал, ауыл шаруашылығы министрлігі мұның бәрін жоққа шығарды. Айтуынша, елде астық та, ұн да жеткілікті. Бұл жағдайда кімге сенуіміз керек? Тілшіміз тарқатып айтады.

Қостанайлық ұн өндіруші астықтың таусылуына байланысты алдағы 2-3 күнде жұмысын тоқтатпақ. Осының салдырынан мұндағы 70 қызметкер жұмыссыз қалады.

Гран Ака ХАЛУЛУЛЛА, ҰН ӨНДІРУШІ:

Біз тәулігіне 300 тонна астық өңдейміз. Бірақ осы жұмысымызды қалыпты түрде ұстап тұру үшін, қажетті көлемдегі бидайды сатып алуға таба алмай отырмыз. Ұн тарту саласында диірмен тұрақты және тәулік бойы жұмыс істеуі үшін айына кем дегенде 2-3 көлем қажет. Диірмен онсыз жұмыс істей алмайды. Мұның бәрі астықтың тапшылығынан.


Диірменшілердің шарқ ұруы негізсіз. Елдегі ұн тарту кәсіпорындарының қызметі тоқтады деген ақпарат та жалған. Жауапты ведомство өкілінің жауабы осы.  Қазір республика бойынша 6,4 миллион тонна астық бар. Министрлік ұлттық статистика қорымен өңірлердегі бидай қорын түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Жалпы, проблеманың түп төркіні мынадай:

Айдарбек САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Мәселенің себебі астықтың жетіспеушілігінде емес, ол астықтың бағасында. Бұрын біздің ұн тарту кәсіпорындары Ресейден бидайды арзан бағамен сатып алатын. Оның біздің ішкі нарыққа келіп кетер пайдасы жоқ, ол негізінен экспортталатын тауар. Қазіргі ахуал Ресей тарапынан дәнді дақылдарды экспорттауға тыйым салынғанға дейін сақталды. Бұл шешім диірменшілерді ішкі нарықта сатып алуға шұғыл көшуге мәжбүр етеді, сәйкесінше бұл астық бағасының өсуіне түрткі болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі осы орайда дүрбелеңге бой алдырмауға шақырды. Бұл әлеуметтік нанның бағасына әсер етпейді, деді. Ал, жалпы сатылымдағы нан бағасы қосымша субсидияланатынын айтты. Экономистер диірменшілердің жағдайын басқаша түсіндірді. Арман Байғановтың айтуынша, елімізде астық шынымен де жеткілікті болуы мүмкін. Дегенмен, диқандардың өздері қазақстандық ұн өндірушілерге арзан бағада сатқысы келмейді. Өйткені, олар үшін шетелге жіберу тиімді.

Арман БАЙҒАНОВ, ЭКОНОМИСТ:

Бұл жерде Ресейдің экспортқа толығымен тыйым салу туралы шешім қабылдауы өте маңызды. Кейінірек Еуразиялық одақтағы елдерге ғана рұқсат берілді. Бұл қазіргі уақытта шешім қабылдаудың жалғыз жолы. Бұдан әрі мұндай жағдайға жол бермеу үшін биыл шаруаларға барынша қаржы бөлу қажет.

Мәселені шешудің екі жолы бар, дейді Байғанов. Біріншіден, экспортқа квота салынбай, толығымен тыйым салынуы керек. Екіншіден, өнім көлемін мен сапасын арттыру үшін ауыл шаруашылығы саласына жеткілікті қаражат бөлу маңызды. Жалпы, ведомствоаралық комиссия 15 сәуірден бастап бидай мен ұн экспортына квоталарды енгізу туралы шешім қабылдады.

А. Данияр