Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО 100-ден астам ауылды су басу қаупі бар

  • AstanaTV
  • 11 сәуір 2022
  • 958

Мәжілісмендер  үш күн бойы Шығыс Қазақстандағы су қоймалары мен гидроқұрылымдарды  аралады. Тасқыннан зардап шеккен аймақтарда болды.   Қазір өңірде әлі 100-ден астам елдімекенді су басу қаупі бар.  

Прогресс- бірнеше жыл бұрын тасқыннан зардап шеккен ауылдың бірі. Төтенше жағдайдан кейін елдімекенге жаңа көпір салынған. Жағалау нығайтылып, су   арналары кеңейтілген. Мұндай алдын алу шаралары ондаған ауылда жүргізілді.  

Дегенмен, апат айтып келмейді. Сәуір айының басынан-ақ ауа райы  әдеттегіден жылы болды. Тіпті түнде де ауа температурасы нөлден жоғары. Сондықтан төтенше жағдайды болдырмау үшін  барлық күш жұмылдырылып отыр.

Зарина ҚАМАСОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

12 қауіпті учаскесі бар Бұқтырма өзенінің бойымен жүріп өттік. Мақсат – дайындықты тексеру. Семейден әскери бөлімді арнайы жіберді. Олар қар тазалауға қауқары жоқ қариялардың ауласы мен арықтарын тазалады. Бұл да бір үлкен шаруа.  

Депутаттар алдын алу шаралары басты назарда болуы тиіс дейді. Өйткені бұл көктемнің қауіпсіздігімен қатар,  жаздың жемісті болуына да әсер етпек.  

Ерлан САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
    
Мамыр айының соңында Парламентте бүкіл Қазақстан Республикасындағы су ресурстары мәселелері бойынша парламенттік тыңдаулар өтеді. Қазақстанда ауыз сумен қамтамасыз етуде үлкен проблемалар туындауы мүмкін. Шығыс Қазақстан облысы су ресурстары жағынан қолайлы жағдайда екенін білеміз. Дегенмен ықтимал қауіп-қатерлерді қарастыруымыз керек.

Бөгеттер мен өзендерге, су қоймаларына судың түсу динамикасы күн сайын бақыланады. Әзірге алаңдауға негіз жоқ, дейді құтқарушылар.

А. Съезбек