Русский Сайттың толық нұсқасы

Өткен айда инфляция 12 пайызға дейін өскен, - Ұлттық Банк

  • AstanaTV
  • 12 сәуір 2022
  • 1362

Өткен айда инфляция деңгейі 12 пайызға дейін өскен. Көрсеткіш соңғы 6 жылдағы рекордтық жағдайға жетіп отыр дейді Ұлттық банк. Әсіресе азық-түлік бағасының шарықтауы, қалтаға салмақ болып тұр. Үкімет мүшелері жағдайдан хабардар. Олар оның себебін түсіндірумен әлек. Ал бағаға тұсау бар ма? Жауаптылардың баяндамаларынан әріптесім жауап іздеп көрді.

Үкіметтің бүгінгі отырысында министрлер жылдың бірінші тоқсанын қорытындылады. Барлық министрлік жұмыстарында қарқын бар екенін айтып, көсілді. Дегенмен негізгі проблемадан айналып өте алмады. Наурыз айында инфляция рекордық жағдайға жеткен.

Ғалымжан ПІРМАТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ ТӨРАҒАСЫ:

Қазақстандағы инфляция 8,7 пайыздан 12 пайызғадейін жеделдеп, 2016 жылдың қыркүйегінен бастап шарықтау шегіне жетті. Азық-түлік өнімдері инфляцияға ең көп үлес қосты. Бағаның өсуі 10 пайыздан 15,4 пайызға дейін жеделдеді.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров болса, мұны сыртқы геосаяси жағдайларға байланыстырды.

Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Барлық нәрседе қымбатшылық сезіліп отырғанын білеміз. Сондықтан әр азамат, әр тұтынушы жағдайдың тұрақталғанын күтуіміз қажет. Мемлекет инфляцияны тұрақтандыру үшін барлық шараларды қолға алып жатыр. Зейнетақы мен жәрдемақының өсуімен тепе-теңдікті ұстауға тырысамыз.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановта қымбатшылық бізде ғана емес, көрші мемлекеттердің барлығында орын алып жатқанын желеу етті.

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Біздің көршілес мемлекеттерде де 15-20 процентке дейін бағаның өсуі байқалып отыр. Соның барлығы де инфляцияның импортына алып келеді. Сол біздің де бағаларға әсер береді.

Осылайша бағаның шарықтауын әр министр өзінше топшылады. Бірақ қашан жағдай тұрақталарын ешкім дөп басып айта алмады. Үкімет басшысынан да мардымды жауап болмады. Кешенді жұмыстар атқарылып жатыр деумен шектелді.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПЕРМЬЕР МИНИСТРІ:

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 22-ші, 24-ші жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша кешенді шаралар іске асырылуда. Инфляцияны ұстап тұру үшін қажетті құралдар бар.


Айтпақшы, қымбатшылық шикізат көздерінде айналып өтпеді. Мәселен жанар-жағар май мен газдың Еуроаймақта инфляция көрсеткіші 8 пайызға дейін өскен. Сондықтан болу керек Энергетика министрі Болат Ақшолақов, бензин мен дизелді экспорттау үшін салынған тыйымды тағы 6 айға дейін созуды жоспарлап отыр.

Б. Сатуов