Енді қара темір сынықтарын елден шығаруға шектеу қойылмақ. Бірақ, темір-терсек қабылдап, табыс тауып отырған кәсіпкерлер бұған қарсы. Бұл бизнеске жасалған қастандық дейді. Кәсіпкерлер Президенттен көмек сұрайды.
Тараз қаласының тұрғыны Шоқан Тұрғанов түрлі-түсті металл қабылдап, кәсіп қылады. 50-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Енді бұл шектеу күшіне енсе, көп адам табыссыз қалады дейді. Қара темірді елден шығаруға шектеу қою ішкі нарықтағы бағаны құлатуға бағытталған шара деп санайды.
Шоқан ТҰРҒАНОВ, КӘСІПКЕР:
Осы екі жыл, үш жылдан бері шындығын айтқанда, жұмыс жасай алмай жатырмыз. Себебі, ішкі өнімге зауыттарға өнім жетпейді дейді. Ал ішкі зауыттардың шығарып жатқан өнімі бізден сатып алып, бізге әкеп Россиядан, Өзбекстаннан әкеп жатқан арматурадан қымбат.
Шектеу қойылады деген әңгіме шыққалы темір бағасы едәуір түсіп кетті дейді кәсіпкерлер. Жамбылдың өзінде қара темірден нәпақа тауып отырған мыңға жуық адам енді не істерін білмей жүр.
Медет БАЙСАҚАЛОВ, ЖҰМЫСШЫ:
Мына жерде пәленбай адам жұмыс істеп жатыр. Мен өзім камаз айдаймын осы жерде. Темір жабылып, тоқтамасын жұмысымыз. Тоқтап қалса пәленбай адам шырып қалайын деп тұр. Кредит келеді айма-ай. Оны қалай қыламыз?
Осы салаға жауапты министрлік бұл шектеу уақытша екенін айтады. Бірақ қай уақытқа дейін жалғасатынын білмейді.
Жанат ИГІСІНОВ, ҚР ИИДМ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ДАМУ КОМИТЕТІНІҢ ҚАРА МЕТАЛЛУРГИЯ ЖӘНЕ КӨМІР ӨНЕРКӘСІБІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біз темір бағасына араласа алмаймыз. Ал шектеуге амалсыздан барып отырмыз. Себебі, ішкі нарықта темір шикізатының тапшылығы сезілді. Өзімізге жетпей жатқандықтан уақытша шектеу енгіздік. Темір шикізатын қабылдаушы металлургиялық компаниялармен ұзақ мерзімді келісім шартымыз бар. Бұл темірдің техникалық талаптары мен сапасына, тасымалдау жағы тиімді рек болмақ.
Министрліктің "тасымалдау жағы тиімді болады" деген сөзімен кәсіпкерлер келіспейді. Өйткені тасымалдау үшін тек теміржол қарастырылған. Ал, бір вагон темір-терсекті Қарағандыға жеткізу бағасы 1 млн теңгеден асады.
Б. Жұмабайұлы