Русский Сайттың толық нұсқасы

Орта арнаулы оқу орындарын жекеге беру кім үшін тиімді?

  • AstanaTV
  • 18 сәуір 2022
  • 1199

Соңғы кезде жұмысшы мамандарды даярлайтын оқу орындарын сенімгерлік басқаруға беру туралы мәселе көтеріліп жүр. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы да орта арнаулы оқу орындарын бәсекелестік ортаға жіберетін уақыт келді деп санайды. Айтуынша бұл бастамаға кәсіпкерлер де мүдделі көрінеді. Орта техникалық және кәсіптік оқу орындарын жекеге берудің тиімділігі қандай? Бұған біздегі оқу орындары дайын ба? Әріптесім Әділжан Бердібеков таразылап көрді.

Қазіргі таңда елдегі техникалық және кәсіптік оқу орындарының саны  500-ге жуықтайды. Олар негізінен ауыл шаруашылығы, құрылыс және халыққа тұрмыстық қызмет көрсету салаларына мамандар даярлайды. Әйтсе де нарыққа қажетті кадрлар саны жеткілікті болса да, сапа тұрғысынан ақсап тұрмыз дейді сенатор. Сондықтан да әлемдегі тиімді тәжірибелерді негізге алып, орта арнаулы оқу орындарын бәсекелестік ортаға жіберу керек деп санайды.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Меніңше нарықтық қатынаста кәсіптік, жұмысшы мамандарды мемлекеттің мойнынан алып, бәсекелестік ортаға жіберетін уақыт келді деп есептеймін.  Көптеген елдерде мемлекеттік тапсырыстарды меншік нысанына қарамастан бәсекелестік ортада шешеді. Бізде техникалық және кәсіптік мамандарды даярлауды барлық облыстық білім басқармалары негізінен мемлекеттік оқу орындарына жоғарыдан бөліп береді. Бұл нарыққа жанаспайтын дүние.


Экономист Бауыржан Ысқақов бұл бастаманы қолдайды. Оның пікірінше нарықтық қатынаста бизнес толыққанды білім саласына ену керек. Бұл жерде мемлекет бизнес пен білім саласын байланыстырушы рөлін атқаруы маңызды. Бірақ кәсіпкерлерді білім бағдарламаларының талаптарына телміртпеу керек. Керісінше білім саласы нарықтың заңдылықтарына бағынып, кәсіпкерлердің қажеттілігіне иілсе игі деген пікірде.
 
Бауыржан ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:

Бізде қалай жүзеге асады. Бізде көбінесе колледждар мен ЖОО білім бағдарламаларын тек олармен келісе салады. Бәрі қағаз жүзінде қалады. Іс жүзінде колледжді бітіріп келген мамандар үлкен ірі консерндерге барған кезде олардың білімдері мен олардың талаптары сәйкес келмей жатады. Осы жерде айырмашылық басталады.

Яғни білім саласындағы теория мен өндірістегі практиканың үйлеспеуі нарыққа қажетті мамандарды даярлауды тежеп отыр дейді. Бұл мәселені жан жақты талқылап, жаңа әдіске көшсе мемлекет көптеген шығындарды азайтуға да мүмкіндік алатын көрінеді. Ал білім беру саласы мамандарының бұл мәселеге қатысты өз уәжі бар. Олар отандық кәсіпкерлердің күрделі саланың жүгін арқалауға дайын екендігіне күмән келтіреді.
 
Ляззат РАЗБЕКОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ «ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ» МКҚК ДИРЕКТОРЫ:


Осындай ауқымды, күрделі, мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқаруға бізде бизнес өкілдері дайын ба деген менде сұрақ болады. Әрине егер дайын болып жатса, үлкен концепсиямен, стратегиялық жоспармен келетін болса әрине ол өте жақсы.


Жекеге беру қазіргі қоғамдағы сапалы маман тапшылығын толыққанды шешуге жол ашпайды, керісінше білім сапасын одан әрі төмендетіп алудан сақтануымыз керек деп отыр педагог. Сондықтан бұл мәселеде нақты шешім шығарып, кесіп айту өте қиын дейді.

Ә. Бердібеков