Русский Сайттың толық нұсқасы

"Мектепке кіруге қорқамыз», -мұғалім

  • AstanaTV
  • 18 сәуір 2022
  • 1999

"Мектепке кіруге қорқамыз". Қызылорда облысы Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылындағы мектептің мұғалімдері мен оқушылары осылай деп дабыл қағуда. Айтуларынша, ғимараттың қабырғасы күннен күнге қақырап, іргетасы сөгіліп барады.  Былтыр  мамандар нысанды апатты деп таныған. Бірақ жауаптылар білім ордасының құрылысын бастауға асығар емес дейді.

Ауылдағы жалғыз білім ордасының салынғанына 40 жылға жуықтаған. Мұғалімдердің айтуынша, әу баста ғимарат құрылысында шикілік көп болыпты.  90 жылдан бастап қабырғаға сызат түсе бастаған. Оны құрсаулап, осы уақытқа дейін жыртығын жамап-жасқап келген көрінеді. Алайда былтырдан бері   жөндеуге де жарамай қалды дейді.  

Ахмедия ТӨЛЕШОВ, № 94 ОРТА МЕКТЕПТІҢ МҰҒАЛІМІ:

Осы тұрғанда құлаудың алдында тұр. Балалардың өзінде үрей бар былайынша келгенде. Мектепте жүріп секіреді. Мына бетон қозғалып тұрған сияқты ағай деп айтады. Ана-аналарда оның ар жағында үрей бар. Жазатайым «жаман айтпай жақсы жоқ» бірнәрсе бола қалса өкініші кетпейді ғой.


Мұғалімдердің айтуынша, мектеп жертөресі жылда ыза суға толады. Оны арнайы мотормен айдап, әлекке түсеміз дейді. Содан болса керек, нысанның іргетасы мүжіліп, қабырғалары  сөгіліп тұр.   

Мектеп директорының айтуынша, мамандар былтыр шілдеде ғимараттың апатты екендігі туралы қорытынды шығарған. Ал 4-тоқсанда  оның бір бөлігін жауып, адамдардың кіріп-шығуына тыйым салыпты.  Мектеп басшысы «осы мәселемен 8 жылдан бері жүгіріп жүрмін» дейді. Бірақ, мұнда оқу балалардың өміріне  қауіпті деп санамайды.

Алик ТІЛЕУІМБЕТОВ, № 94 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Маман емеспін ғой. Бірақ қауіпті деп айта алмаймын. Себебі қауіпті жағын көріп тұрған жоқпын. Жардан, басқа жағынан өзгеріс көріп тұрған жоқпын. Мүмкін енді, осы жаздан басталса, келесі жылға аяқталуы да мүмкін. Оған енді толық жауап бере алмаймын.

Жаңа мектептің  құрылысы   қашан басталатыны әзірге белгісіз. Оның сметалық құжаттары да дайын емес дейді білім ордасының басшысы. Сондықтан ауылдың 300 баласы апатты ғимаратта ұзақ оқитын түрі бар.   

М. Тоқтасынқызы