Қызылордалықтар қант алу үшін кезекте сағаттап тұруға мәжбүр. Жұрт қаладағы әлеуметтік дүкендерді таңертеңнен бастап төңіректейтін көрінеді. Бірақ, солай жүрсек те, ештеңе ала алмай қайтатын кездер де болады дейді. Ал базарда қанттың бағасы "ұшып" тұрғанын айтады. Өңірден-Мөлдір Тоқтасынқызы.
Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Мен қаладағы әлеуметтік дүкендердің бірінің алдында тұрмын. Мұнда арнайы жүк көлігімен азық-түлік әкеліп жатыр. Бірақ қант жоқ. Тұрғындардың айтуынша, қант сатылған күні кезек бұдан да көп болады екен. Тіпті жүзге жуық адам жиналады дейді.
Қаладағы әлеуметтік дүкендердің алды күнде осындай, ығы-жығы адам. Басқа сауда орындарында қант тапшылығы жоқ. Бірақ, жұрт оны дәл осы жерден алғысы келеді. Өйткені, базарда қымбат дейді. Келісі- 500 теңгеге жеткен. Ал әлеуметтік дүкендерде бір келі қант -263 теңге тұрады. Сондықтан сұраныс жоғары. Халық сағаттап кезекке тұрады. Сонда беретіні, бір адамға -1 келі. Алайда оның өзі біріне жетсе, біріне жетпейді, қалтасы бос қайтатындар көп.
Жұмағали КӨРПЕБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
100 шақты адам жиналады күнде. Таңғы 8-ден 12-1-ге дейін. Кейбіріне жетпейді, қайтатын да күндер болады. Пенсиясы 70-80 мыңнан аспайды көпшілік халықтың. Сондықтан мына магазин тиімді халыққа.
Дариға УАЙДАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Көп болады адам, қырғын болады. 70 мың сом зейнетақы аламыз. 7 немерем бар. Жетпейді ғой қант. 1 кг қант не болады? Магазиннен алсақ қымбат қой.
Әлеуметтік дүкендерге өнім азық-түлік тұрақтандыру қорының қоймасынан жеткізіледі. Онда қанттан өзге, халық күнделікті тұтынатын 19 түрлі азық бар. Алайда, шекердің өтімділігі жоғары болып тұр. «Күнделікті неше қап қант алғызсақ та қас-қағым сәтте жоқ болады» дейді сатушылар.
Бота НӘМЕТОВА, САТУШЫ:
Күніне 6-7 қаптан алған күндерім де болды. Халыққа жетпейді бұл нәрсе. Сосын қазір 3-4 қап қана аламын. Өйткені күнде бір халық алып жатқан. Бұл жерге 150-дің үстінде адам жиналады. Келіп кететіні бар және 100 адам тұратыны бар мына жерде күнде. Өткенде 7 қапты 1,5 сағатта тауысып бердік.
Жауапты корпорацияның мәліметінше, бұған дейін қаладағы 36 әлеуметтік дүкенге күніне 500-700 келі қант жеткізіліп келген. Ал қазір сұраныс өсіп, 2 тонна үлестіріледі екен. Алыпсатарлықты болдырмас үшін әр адамға 1 келі ғана сатылады дейді. Қанша шектесе де, қордан берілетін арзан өнімнен пайда тапқысы келгендер анықталған.
Жеңісбек АХМЕТОВ, «БАЙҚОҢЫР» ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Әдейі өзіміз тексереміз, алыпсатарлық болмасын деп. Сондай ұсталып қалған кәсіпкерлер бар. Оларға айыппұл салдық, келісімшартты бұздық. 5 магазиннен сондай нәрсе анықталды, мысалыға. Қасындағы көрші тұрған дүкенге алып барып, мешокпен беріп жатқан. Халық барады сұрап, жаңа ғана таусылып қалды дейді.
Тұрақтандыру қорында бұған дейін 80 тонна қант болған. Жыл басынан тағы 272 тонна тапсырыс беріліп, оның жартысынан көбі жеткізілген. Соңғы келгенінің бағасы-324 теңге. Соған қарамастан қор есебінен әлеуметтік дүкендердегі бағаны тұрақты ұстап отырмыз дейді жауаптылар. Алайда, қанша көлемді шекер келсе де, халықтың шекесі шылқып отырғаны шамалы.
М. Тоқтасынқызы