Елорданың Алматы ауданында 188 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 150-інде өртке қарсы қауіпсіздік жүйесі мүлдем жоқ. Нысан қолданысқа берілген кезден-ақ орнатылмаған құрылғылар үшін енді мүлік иелерінің бірлестіктері айыппұл арқалап отыр. Осыншама тұрғын жайды өрескел олқылықтарға қарамастан қолданысқа кім берген? Тілсіз жауды тоқтататын жүйені енді кім орнатады? Тілшіміз Айсәуле Съезбек тарқатады.
Мына тұрғын үй 2014 жылы мемлекеттік бағдарламамен салынған. Мұнда 2018 жылы өрт шыққан. 15-қабаттан 7-қабатқа дейінгі лифт жүйесі жанып кетеді. Тұрғындар тек сол кезде үйлерінде өртке қарсы жүйенің мүлдем жоқ екенін біледі. Өрескел олқылыққа қарамастан қолданысқа берілген үйдің мәселесін содан бері мемлекеттік органдар да, құрылыс компаниясы да жауапкершілік алмаған. Тек мүлік иелерінің бірлестігі құрылған кезде кеткен қателікті түзетуді тұрғындардан талап ете бастаған.
Ләйлә ИСЛАМЖАНОВА, ТҰРҒЫН ҮЙ МҮЛІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Пожарный сигнализацияларыңыз істемейді, насосныйыңыз істемейді деп бізге 205 мың теңге штраф салынды. Енді бізге осы төртінші кварталға тағы да қойып отыр тексеруді. Үлгермесек тағы да келіп штраф салады. Онда уже бізге 400-500 мың теңге штраф. Кезінде осы застройщиктен алғанда акимат, мчс қайда қараған? Енді біз қалай жауап береміз деп түсінбейміз. Біз енді тұрғындарды ОСИ болғаннан кейін тұрғындар жауапты деп тұрғындарға бәрін итере салып отыр.
Бір үйді мұндай жүйемен жабдықтау құны, 6 млннан – 30 млн теңгеге дейін барады. Тұрғындар қауіпсіздік үшін мәселені өздері шешуге келісіп отыр. Тек қояр талап-өтініштері бар.
Светлана КУЗНЕЦОВА, ТҰРҒЫН ҮЙ МҮЛІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Біз бұл мәселені шешуде жалғыз қалғанымызға мойын ұсындық. Барлық тарап ат тонын ала қашты. Заңмен де ешкімнің артына түсе алмайтынымызды түсіндік. Тек Үкіметтен сұрайтынымыз бізге өрт қауіпсіздігі жүйесін орнатуға кемі 3 жыл уақыт берсе. Кей үйлерге 5-10 жыл да аздық етеді. Себебі керек қаражатты бір уақытта жинауға жағдайымыз жоқ. Сол аралықта айыппұл салмаса дейміз.
Мәселеге жауапты төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері нысанды қолданысқа беру кезіндегі комиссияның құрамында жоқпыз деп ақталды. Заң бойынша өрт қауіпсіздігін сақтау, жүйені мерзім сайын жөндеп отыру қашан да мүлік иелеріне жүктеліп келгенін алға тартып отыр.
Алмас ЕРЕЖЕПОВ, АЛМАТЫ АУДАНЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Тәуекел дәрежесі жоғары нысандардың барлығы жылда тексеруден өту керек. Соған байланысты біз отсрочканы 3 жыл берген жағдайда мына жақта тағы бір екінші заңның талабы бұзылды деп есептелінеді. Сондықтан олай 3 жыл деп қарастырылмаған.
Мүлік иелерінің бірлестігі құрылғанға дейін қозғалмаған мәселе тұрғындарды тығырыққа тіреп отыр. Жүйе орнатылмаса құзырлы органдар айыппұлмен шектелмейді. Ең соңғы ескертуден соң нысанды қолдануға тыйым салып, жауып тастауы әбден мүмкін. Қорқыныштысы – өрт қаупі туса, мыңдаған адамның өмірі қыл үстінде тұр.
А. Съезбек