Русский Сайттың толық нұсқасы

Конституцияға қандай өзгерістер енгізіледі?

  • AstanaTV
  • 25 сәуір 2022
  • 1498

Енді сайлауалды уәдесін орындамаған депутатты сайлаушылар мандатынан айыру мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл Конституцияға енгізілетін түзетулер мен өзгерістер арқылы жүзеге аспақ. Бүгін құқықтық құжатқа енгізілетін түзетулердің жобасын ұсынған Арнайы жұмыс тобының мүшелері осылай дейді. Ата Заңға тағы нендей өзгерістер енгізілмек? Әріптесім айтып береді.

Ел Конституциясының 33 бабына 56 түзету енгізіліп, 2 бөлімнің атауы өзгереді. Конституциялық кеңес орнына Конституциялық сот атауы белгіленсе, Сот және сот төрелігі бөліміне бұдан былай Прокуратура және адам  құқықтары жөніндегі уәкіл деген сөздер телінеді. Осыдан ширек ғасыр бұрын өз диссертациясында Конституциялық сот құрылу керек деген бастама көтерген заң ғылымдарының докторы Өмірәлі Жалаири болса бұл өзгеріс құқықтық құжаттың үстемдігін арттырудың негізгі тетігі деп отыр.

Өмірәлі ЖАЛАИРИ, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Ол мәселені көтеріп жүргенбіз бұрыннан да заңгерлер. Өйткені Конституциялық кеңеске жүгінетін субъектілер өте аз. Жай азаматтар құқықтары бұзылса жүгіне алмайтын болған. Бұл біздің мына демократияға, әрі қарай жылжуымызға одан кейін заңның үстемдігіне үлкен әсер бере ма деген ой бар.


Түзетулердің бірқатары Мемлекет басшысының өкілеттілігіне байланысты болатыны бұған дейін де айтылғанды.  Жалпы Президенттің бірқатар өкілеттілігін Парламент пен Үкіметке беру елімізде үшінші Конституциялық реформа кезінде басталған. Аталған реформа 2017 жылы жүзеге асқан еді. Конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша бұл сол бастаманың жалғасы болмақ.

Бақыт НҰРМҰХАНОВ, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ АППАРАТ ЖЕТЕКШІСІ:

Заң жобасында қазіргі таңда елімізде қалыптасқан  «суперпрезиденттік» басқару нысанын одан әрі жетілдіру көзделген. Бұл мақсатта Мемлекет басшысы өзінің бірқатар өкілеттігін басқа органдарға береді немесе олармен келісе отырып, атқарады. Бұл елімізде соңғы кезде жүргізіліп жатқан «орталықсыздандыру» процесінің жалғасы.

Жалпы жобаның ауқымды бөлігі адам құқықтары мәселелеріне арналған дейді заңгер Абзал Бекбосынов. Оның сөзінше бас құжатқа енгізілген өзгерістердің тиімділі келешекте адам құқықығын қорғауда айқын көрініс табатын көрінеді.  

Абзал БЕКБОСЫНОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ:

Адам құқықтарын қорғау жөніндегі Конституциямызға жаңа бап енгізіліп отыр.  Яғни адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілеттілікті күшейтіп отыр. Келешекте адам затының, адам құқығын қорғауда көптеген рөл атқарады.

Заң шығару процесін жаңғыртуға арналған бірқатар өзгерістер де жасалыпты. Заң қабылдау құқығы негізінен Мәжіліске тиесілі болады. Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы беріледі. Үкіметке адам өмірі мен денсаулығына мемлекеттің қауіпсіздігіне басқа да құндылықтарға айрықша қауіп төнген жағдайда заң күші бар нормативтік-құқықтық актілер қабылдауға құқық берілген. Бас құжатта Палаталарды жасақтау тәртібі мен олардың функцияларында елеулі өзгерістер бар.

Бақыт НҰРМҰХАНОВ, КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ АППАРАТ ЖЕТЕКШІСІ:

Мәжіліс сайлауында аралас сайлау жүйесі енгізіледі. Мәжілістің 30 процент депутаттары 1 мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Және айлауалды уәдесін орындамаған депутатты сайлаушылар кері қайтаруына мүмкіндік алады.

Жұмыс тобының мүшелері бұл өзгерістер халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтады деген пікірде. Айта кетейік, алдағы уақытта еліміздің басты құжатына енгізілген кез-келген өзгеріс Конституциялық кеңестің сайтында жарияланып отыратын болады.

Ә. Бердібеков