Русский Сайттың толық нұсқасы

Бұралқы иттердің кесірінен 60 қойынан айырылған батысқазақстандық шаруа кімнен көмек сұрарын білмей отыр

  • AstanaTV
  • 27 сәуір 2022
  • 1266

Бұралқы иттердің кесірінен 60  шақты қойынан айрылған батысқазақстандық шаруа Батырбек Жұбанғалиев кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Оның айтуынша, иесіз иттер оның қорасын екі күн бойы торуылдап,   малының тең жартысын қырып кеткен. Жапа шеккен ауыл тұрғыны келген шығынды 3 миллион теңгеге бағалайды.

Мал иесі Батырбек Жұбанғалиев  қаңғыбас иттерді ату мен аулау жұмысы уақытылы жүргізілсе, мұндай жағдай болмас еді, дейді. Шаруаның айтуынша, өткен айда да бұралқы иттер 12 қойын талап өлтірген.

Батырбек ЖҰБАНҒАЛИЕВ, СЫРЫМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әкім Төлеген Серікқалиевичтің қабылдауында болдым. Ол кісінің маған айтқан жауабы: білмеймін енді, өзіңіз шағымданатын жерге шағымданасыз. Біздің итті атып жатырмыз, басқасында біздің ісіміз де жоқ дейді. Сонда осылай малымыздан айрылып отыра береміз бе? Балаларымның аузынан жырып, осыған тамақ, жем-шөп алдық. Енді бұған үкіметтен көмек бола ма екен, білмеймін ал.

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев шаруаға көмек көрсетілмейтінін жеткізді. Өйткені су тасқыны немесе өрт секілді табиғи апат болып, төтенше жағдай жарияланған кезде ғана зардап шеккендердің шығыны өтеледі. Ал бұралқы иттен жәбір көргендерді қаржылай қолдау заңмен қарастырылмаған. Бір қызығы, Сырым аудандық полиция бөлімі қойды ит талап кетсе де, әкімшілік хаттаманы белгісіз тұлғаға толтырыпты. Ал аудандағы ветеринарларға қаңғыбас ит-мысықтарды аулап, жою керектігі туралы ұсыныс жіберумен шектелген.

Балдай САПАРҒАЛИЕВА, БҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Сырым ауданы бойынша жалпы жеке және заңды тұлғалардың тарапынан келіп түскен өтініштер негізінде 225 қаңғыбас ит жойылды. Ал Жымпиты ауылы бойынша 125 қаңғыбас ит жойылып отыр.

Биозарарсыздандырылған иттер кері мекендеу ортасына кері жіберіледі. Сондықтан да олардың саны азаюы байқалмауы мүмкін.  

Е. Карин