Русский Сайттың толық нұсқасы

Үлкен Алматы айналма жол құрылысына қатысты жанжал туды

  • AstanaTV
  • 28 сәуір 2022
  • 1567

Үлкен Алматы айналма жол құрылысына қатысты жанжал туындады. Аталмыш жоба Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылының берекесін қашырған. Қазылған үлкен шұңқырдан балаларын қорығандар, шұңқырлар жабылсын деп талап етуде. Мәселенің мән-жайын біліп қайтқан әріптесімнің репортажы.  

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Бұл көптің мазасын алып біткен айналма жол құрылысы жүріп жатқан жер. Төменнен төбеге көтерілген шаң мұрынды бітеп, шыққан шу түнде ұйқыдан айырды - дейді халық. Көріп отырғандарыңыздай, тұрғын үйлер де құрылыстың жанында орналасқан.


Ауыл тұрғындары жол салу кезінде қазылған мынадай ашық үлкен шұңқырлардан қауіптенеді. Тіпті жерді қаза қаза шұңқыр дәл үйлерінің тұсына келген. Тұрғындардың айтуынша, бүгінде баспаналары сызат берген. Ешқандай қоршауы да жоқ қазылған жер мал тұрмақ, адам өміріне қауіпті деп шырылдайды.  

Көкебай ТОҚТАҚЫНОВ, ТАЛДЫБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мынаның бәрі суға толады, сосын ол сасиды. Бала шаға түсіп кетуі мүмкін. Олар бұл жерде ойнайды, осы жолмен мектепке барады. Мал түсіп кетуі де мүмкін. Осы сасықтың бәрі бізге қалайын деп тұр. Оны кейін кім жасайды?!


Ауыл халқы бұл мәселені экологиялық апат деп атады. Себебі, шұңқыр қоқысқа толған. Наразылықтарын әкімдікке барып айтқанымен, нәтиже жоқ көрінеді.  

Қанат АЛДАБЕРГЕНОВ, ТАЛДЫБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Мына жерге мусор төгіп жатыр. Оны сосын өртейді. Ол түтін үйімізге барады. Тіпті, өлген малды да лақтыруда осында.


Талдыбұлақтықтардың мәселесі мұнымен бітпейді. Сөздерінше, ауылдың ішіндегі жолдардың да жағдайы мәз емес. Ал жаңбыр жауса тіптен қиын. Жедел жәрдем мүлде келмейді, балалар мектепке жету үшін аяқтарына целлофан киіп барады. Айта кетейік, 7000 –нан астам халқы бар ауылда тек бір мектеп қана бар. Сондықтан, оған сыймаған оқушы көрші ауылға қатынап жүр.  

Көкебай ТОҚТАҚЫНОВ, ТАЛДЫБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Балалар 3 км жердегі мектепке барып жеткенше үсті - бастары лай болады. Бүкіл новостройкаға бір тарнсформатор тұр. Свет сығырайып тұр, не пеш, не микроволновка істемейді. Жұрт от жағып отыр. 


Әкімдіктегілер болса ақталып әлек. Үлкен Алматы айналма жол құрылысы 2024 жылға дейін салынып бітеді деді. Барлығы заңға сәйкес жүріп жатқанын жеткізді.

Ермек ТОЛҚЫНОВ, ТАЛҒАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Талғар - Алматы жолы үлкен айналмалы жолына қиылыскан кезде развязка салынады. Сол бойынша Талғар - Алматы жолы жоғары қабатта орналасады да, ал айналмалы жолдардың қосылатын жері төменгі қабатта орналасатын болатындықтан терендетип шұңқыр қазылған. Кіріп-шығатын қосымша балама жолдар салынады.  


Жоба 2008 жылы басталған.  Ол уақытта жолдың жиегінде үйлер болмаған деп отыр. Баспана салуға кім рұқсат бергенін білмейді. Ол кездегі атқамінерлер үшін жауап бермеймін деп қайырды. Дегенмен жол салынып біткен соң, шұңқыр жабылып, барлығы өз орнына келеді деді.  Ал ашынған ауыл халқы енді облыстық прокуратураға шағымданбақшы.

М. Жақан