Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжілісмендер өңірлердегі қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездесті

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2022
  • 1887

Мәжілісмендердің Конституцияға енгізілетін түзетулерді түсіндіру мақсатында, өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесуі бүгін де жалғасын тапты. AMANAT-тық депутаттар ауыл-аймақтағы елдің талап-тілегін тыңдап, ортақ істе әр қазақстандықтың ойы маңызды екенін жеткізді. Бүгін Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары, елді-мекендердегі мақсатты аудиториямен жүздесу үшін  Алматы, Ақмола, Маңғыстау облыстарына барды.

Қоғамдық пікір көшбасшыларымен өткен келелі кездесуде көптің көкейіндегі мәселелер талқыға түсті. Өзекті мәселелердің қатарында әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендету, халықтың табысын арттыру бар. «Осы және басқа да мәселелер мемлекеттік деңгейде шешілетін болады. Бастысы, халық мемлекеттік басқаруға белсенді атсалысу керек», - деді мәжілісмендер.
 
Мақпал ТӘЖМАҒАМБЕТОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Осы референдумды түсіндіру бойынша Алматы облысында кеше жұмысымызды бастап кеттік. Қарасай ауданында бүгін екінші күн. Жалпы, халықтың көңілінен шығып, қолдауына ие болып отыр. Мұны кездесулерден аңық аңғаруға болады. Жалпы, осы іске әр қазақстандық азаматты ортақтастыру - қоғам мен биліктің жұмыла жұмыс істеуінің нақты нәтижесі болмақ.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Ақмола облысында да жүргізілуде. Мәжілісмендердің аймақтағы сапары маусымның 3-іне дейін жалғасады. Олар өңірдің барлық аудандарында болып, тіпті шалғай елді мекендердегі тұрғындарымен жүздесуді жоспарлауда. Бүгін депутаттар Бурабай ауданының Кіндікқарағай ауылындағы  сүт-тауарлы фермасының ұжымымен кездесті. Референдумның маңыздылығын түсіндірді.

Бейсенбай АХМЕТОВ, ФЕРМАНЫҢ МАЛ ДӘРІГЕРІ:

Референдумға қатысамыз. Біздің ұжым бәрі қатысамыз көреміз деп отыр. Бәріміз барамыз қолдаймыз деп жатыр.

Парламент Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев Маңғыстау өңірінің халқымен кездесті. Сапардың алғашқы күнінде олар Мұнайлы ауданына барды. Аудан халқымен кездесуде депутаттар алдағы референдум туралы ойларын талқыға салды.  Мұнайлы өлке тұрғындарының пікірін білді.

Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Конституцияда болатын реформалар суперпрезиденттік басқарудан біз мықты президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет моделіне көшу. Сол арқылы - халықты мемлекеттік басқару ісіне араластыру, халықтың бостандығын, құқығын қорғау, еркін жұмыс жасауға мүмкіндік беру, экономикадағы монополияны, олигополияны алып тастау, крептократияға, жемқорлыққа жол бермеу.


Депутаттардың пікірінше бас құжатқа енгізілетін түзетулер билікті нығайтуға емес, халықтың әл ауқатын арттыруға бағытталып отыр. Сонымен қатар Конституцияның үштен бірін қайта жазу халықтың араласуымен ғана жүзеге асатынын атап өтті.

Ә. Бердібеков