Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада референдумның рөлі талқыланды

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2022
  • 1162

Мемлекет деңгейіндегі мәселені халық талқысына салу – демократиялық қоғам үшін таңсық емес.  Референдум – халық бостандығының көрінісі. Әсіресе, конституцияға қатысты әр түзету терең талдауды қажет етеді. Ел аралап, алдағы науқанның мән-маңызын түсіндіруді қолға алған депутаттар осылай дейді.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1995 жылы ғана референдум өтті. Одан кейінгі 27 жыл ішінде Конституцияға 4 рет өзгеріс енгізілді. Бірақ қай-қайсысы да тек Парламент арқылы шешіліп келді. Сондықтан қазақстандықтар үшін алдағы референдумның мазмұнын жіті түсіндіру маңызды. Осы мақсатта Мәжіліс депутаттары елордадағы тарих пәнінің мұғалімдерімен кездесті.

Сауытбек ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Президент Тоқаев өзінің туған халқына барынша мол бостандық беруді мақсат етіп отыр. Халық өз тағдырын өзі шешетіндей  болуы үшін, мемлекеттің ісін барлық өлшемдер бойынша халықтың өзі айқындайтын жағдай жасау үшін бүкіл халықтық референдум өткізіліп отыр. Өйткені конституцияның 33 бабына, яғни,  үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізілмекші. Ең бастысы, суперпрезиденттік басқару үлгісінен мықты Парламентке сүйенетін президенттік басқару үлгісі енгізілгелі отыр.  

Юрий ЛИ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Конституцияға өте ауқымды түзетулер енгізу ұсынылып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл - Екінші Республика құрудың алғышарты. Саяси жүйе үлкен трансформация алдында тұр. Ел тағдырына қатысты сауал қойылған шақта қалыс қалмау керек. Қоғамдық-саяси, экономикалық тұрғыдан жаңа деңгейге қадам басу үшін әр азаматтың бұл науқанға ат салысуы  аса маңызды.

Ал Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаттары болса, Жоғары көлік және коммуникация колледжінде үкіметтік емес ұйым өкілдерімен жүздесті. Тараптар, әсіресе, азаматтардың жалпы құқығына қатысты түзетулерге кеңінен тоқталды.   

Назгүл МАҒЖАН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Референдумды өткізуде азаматтық қоғамның рөлі басым. Бүгін біз қалалық қоғамдық кеңес өкілдерімен бірге белсенді азаматтарға осыны түсіндіруге тырыстық. Менің ойымша, барлығы да көкейдегі сұрақтарына жауап алды.

Жаңа Қазақстан құруда бұл реформаның рөлі ерекше. Ал халықтың аталмыш жаңашылдыққа көзқарасын референдум нәтижесі айқындайды.

А. Съезбек