Алматы облысы Текелі қаласындағы лай көшкіні кезінде қаза тапқан 5 жасар Жанбота Тілеухан ертең жер қойнына тапсырылады. Қайғылы жағдайдың себеп-салдарын қазір өңірлік комиссия анықтап жатыр.
Лай көшкіні кеше түсте басталған. Салдарынан бірнеше үй зақымдалды. Марқұм қыздың мәйіті қираған үйлердің бірінен табылған.
Игорь ЖУКОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Алматы облысының Текелі қаласында ұзындығы 50, биіктігі 3,5 метрді құрайтын лай тасқыны болды. Тасқын кезінде 5 жасар қыз баланың жоғалып кеткені анықталды. Төтенше жағдай қызметкерлері төрт сағат іздеуден кейін кішкентайдың мәйітін тапты.
Қара жамылған отбасымен қазір психолог мамандар жұмыс істеп жатыр. Ал қалған бүлінген баспаналардың иелері қауіпсіз жерлерге көшірілген. Облыс әкімі оларды үйсіз қалмайды деп сендірді. Тұрғындарға көмек көрсетіледі.
Сері БОЛЫСБАЙҰЛЫ, ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Барлық зардап шегіп келе жатқан адамдар бақылауда. Қонатын жерлері жоқ отбасыларды қонақ үйлерге орналастырып жатырмыз. Заң талаптарына сәйкес көмек көрсетіледі, комиссияның шешімімен. Ол енді үй салып беріле ма, үй сатып алып беріле ме комиссияның шешімен. Бірақ ешкім далада қалмайды.
Ә. Лесбек