Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев 10 жылға сотталды. Ал құрылыс басқармасының экс-басшы Тимур Басаровқа 5 жыл жаза тағайындалды. Бүгін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бір жылдан астам уақытқа созылған іске нүкте қойды. Сот Таубаевты «қорқытып алу жолымен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшерде пара алуға оқталуы», ал Басаровты «аталған іс-әрекеттерге көмектесу» бабымен кінәлі деп тапты. Сотта Құлсары қаласындағы аурухана құрылысына жауапты мердігер компаниядан келісім-шарт сомасының 10% мөлшерінде пара талап еткені, кейін Басаровтың 185 млн теңге пара алғаны дәлелденген.
Зарема ХАМИДУЛЛИНА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Сот үкім етті: Таубаев Нұрлан Бақтыбайұлын ҚРҚылмыстық Кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп тауып, 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылсын. Екі сотталушы да қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде өтесін.
Сот үкімінен соң Нұрлан Таубаев судьяға ешбір сұрағы жоқ екенін айтып, «Циркті тоқтатыңыз!»- деді. Алайда кейін журналистерге кінәсіз екенін қайталап, заңсыз, еш ескертпестен ұстады,- деп сұхбат бере бастаған кезде, күзет қызметкерлері оны алып кетті. Сондай-ақ экс-шендінің туыстары үкімге көңілі толмайтынын ашық білдірді.
Естеріңізге салайық, екеуі де 2020 жылдың қыркүйегінде ұсталған еді. Қылмыстық іс сотта былтыр наурыздан бастап қаралды.
Б. Надірқызы