Русский Сайттың толық нұсқасы

"Атырау-Астрахань" автожолын жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткеніне жұрт наразы

  • AstanaTV
  • 17 мамыр 2022
  • 1266

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Атырау облысының тұрғындарымен кездесті. Аймақтағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындарды аралап, референдумға қатысты халықтың ой-пікірін тыңдады. Сондай-ақ өңірде партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты.  Толығырақ тілші Айсәуле Съезбек айтады.

Асхат Оралов алдымен Атырау облысы, Исатай ауданының мұнайшыларымен кездесті. Еңбеккерлер  Атырау-Астрахань автожолын  жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткеніне наразылық білдірді. Әрі Жайық өзенінің экологиялық ахуалының нашарлағынан жеткізді.  Басқосуда сонымен қатар референдум жайы талқыланды.

Асхат ОРАЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:


Жалпы референдум деген Қазақстанның болашағын айқындайтын дүние ғой. Сондықтан да осы жауапкершілікті сезініп, түсініп, өзіміздің болашағымызды таңдауымыз керек қой. 1995 жылы Конституция қабылданды. Одан кейін 4 өзгеріс болды. Бірақ Парламент өздері шешті. Осы жолы Президент халық өзі шешсін деді. Сондықтан осы Ата заңға өзгерістерді референдумға шығарып жатыр. Сондықтан да 5-маусым күні баршаңыз осы сәтті пайдалана отырып, шақырамыз. Шешімді өздеріңіз қабылдайсыздар. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, осы Ата заңымыздан бастау керек.

Әсіресе, ауданның белсенді жастары саяси науқанды асыға күтіп отыр. Өйткені  жаңа буынның саяси шешімдерге тікелей араласуы жергілікті мәселелерді жылдам шешуге мүмкіндік береді деп санайды.

Арыстанбек ҒАЗИЗОВ, ИСАТАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

5 маусымдағы референдумда жалпы аудан жастары болып қолдаймыз. Жаңа Қазақстан құрылады дегенге сенеміз. Қасым-Жомарт Кемелұлының қабылдап жатқан шешімдерінің барлығын жастар болып қолдаймыз.


Бұдан соң Атқарушы хатшы балық шаруашылығы секторының өкілдерімен кездесті. Өңірде бұл бағытта  18 ірі кәсіпорын бар.  Онда  20 мыңнан астам адам еңбек етеді.   

Айгүл ӘМІРҒАЛИЕВА, БАЛЫҚ ӨНІМДЕРІН ӨНДІРУ ЗАУЫТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Заңдарға референдум арқылы өзгеріс енгізу биліктің ашықтығын, маңызды шешімдер қабылдаған кезде әрбір азаматтың пікірін ескеруге ниетті екенін көрсетеді. Әрбір қазақстандық өз тарапынан өзінің азаматтық құқығын пайдаланып, дауыс беруге қатысуға тиіс.


Асхат Оралов уақытылы қаржыландырылмаған Атырау қаласындағы 290 орындық балабақшаның құрылысымен де танысты. Мәселені партия бақылауына алды деген Атқарушы хатшы ғимарат жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін қадап айтты.  Сондай-ақ, аймақтағы аманаттықтармен жиын өткізді.  Атырау облысында 106 бастауыш партия ұйымына біріккен 24 мың партия мүшесі бар.

А. Съезбек