Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында тоғыз сиыр токқа түсіп, арам қатты. Аяқ астынан ақ адал малынан айрылған тұрғындар жауапты мекемені сотқа бермек.
Өрістен қайтқан мал үйден 20 метр жерде үзілген сымды басып, токқа түсіп өлген. Мал иесі электр бағанасының құлайын деп тұрғанын жауапты мекемеге бірнеше рет ескерткенін, тіпті қажет материалды өзі дайындап қойғанын айтады. Бірақ жауаптылардың қамсыздығынан енді малымыздан айрылдық, дейді. Айтуынша, арам қатқан 4 сиырдың шығыны 1 миллион теңге шамасында. Ал қалғандары әкімдіктің арнайы актісі дайын болуын күтіп отыр. Осыдан кейін полицияға шағымданып, жауапты мекемеден шығынды өндіріп аламыз дейді.
Айболат БӨКЕНОВ, ЖАҢАҚАЛА АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Кеше электрсетьтің бастығы айтады: малдарыңды бағыңдар, малдарыңды бағыңдар, - деп. Үйдің қасында 20 метр жерде тұрған столба ғой. Анау 1000 вольттық, 220 емес. Ертең сол құлап, балалар, мысалы адам соғылса не болады? Соны күтіп отыр ма ауыстырмай? Жалпы мына электр жүйесін жекеге беріп қойғанның себебі деп ойлаймын. Жекеге береді де, олар тек халықтан ақша жинаумен айналысады. Ал ескі сымды, столбаны ауыстыруды олар ойлаған жоқ осы кезге дейін.
Ал Жаңақала аудандық электр торабының басшысы Бауыржан Биғалиев күшті жел мен нөсер жаңбырдың салдарынан электр сымының үзілгенін мойындайды. Өйткені жарты ғасырдан бері жаңартылмаған электр желілерінің тозығы жеткен. Бірақ мекеме басшысы «малына ие болсын!» деп тұрғындардың өзін кінәлап отыр. Айтуынша, малдың токқа түсуіне ауылдықтардың салғырттығы себеп.
Е. Карин