Русский Сайттың толық нұсқасы

"Елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде жүйелілік жоқ",- сенатор

  • AstanaTV
  • 19 мамыр 2022
  • 1422

Күнде құбылған азық-түлік бағасы сенаторлардың да титығына тиген сияқты. Депутат Ақылбек Күрішбаев, бағаны реттей алмай отырған Үкіметке шүйлікті. Билік қолға алған шараларда бірізділік жоқ, осының салдарынан баға күн тәртібіндегі өткір мәселеге айналғанын уәж қылды. Сенатор қымбатшылықты тоқтатуға болатынын айтты. Тілшіміз тақырыпты тарқатады.

Бұқара бағаның күнде құбылатынына шағымданады. Қымбатшылықтың екі бүйректен қысып бара жатыр деген елордалықтар, әдетте маусым сайын құбылатын баға, биыл күн санап өсіп жатқанын түсінбей дал.  

БЛИЦ:

- Барлық нәрсе, етте қымбат бәрі қымбат. Барлық азық-түлік қымбаттап кетті ғой.

- Күннен-күнге қымбаттап жатыр. Біз сияқты зейнеткерлерге қиын нәрсе.

- Мына простой халыққа, көпбалалы аналарға, зейнеткерлерге қиындау.

- Енді бәрі қыматтап жатырғой қазіргі кезде енді былай айтқанда.


Ауыл шаруашылығы саласының кем-кетігін жақсы білетін сенатордың пайымынша қымбатшылықты реттеуге болады. Оның дерегінше Қазақстан ауыл шаруашылық өнімдерінің негізгі түрлерін экспорттайтын әлемдегі топ 10 елдің қатарында. Алайда азық-түлік бағасының өсуі бүгінде елдегі өткір мәселеге айналып отыр. Оның себебі депутат түсіндірді.   

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Қазіргі уақытта біздің мемлекеттік органдарымыз өрт сөндіру әдісімен жұмыс істейді деп айтуға болады, олардың іс қимылы алдын алу сипатындағы шараларды қолдануға емес, аяқ асты туындаған жағдайға жауап қайтаруға ғана бағытталған. Ең сорақысы, бізде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде жүйелілік жоқ.

Үкімет мүшелері бағаны реттеуді қолға алғанын үнемі айтып жүр. Соған қарамастан тұсау бола алмай жатқандарына түрлі факторлардың бар екенін себеп қылады. Қаржы министрі енді темекі құныда көтерілетінін хабарлады.

Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

2024 жылға дейін темекіге акциз мөлшерлемесін 35 еуроға көтеруді жоспарлап отырмыз. Яғни мың дана темекіге шамамен 16 мың теңге болады. Бұл ретте есептеп көрсек, бір қорап темекі үшін үстінен 300-350 теңге қосылады.


Сенатор Ақылбек Күрішбаев  инфлияцияны тежеу үшін, азық-түлік бағасын заң тұрғысынан бекіту қажет дейді. Сонда ғана баға тұрақсыздығын тежеуге болады деп сендірді. Айта кетейік, қазір қымбатшылық әлем елдеріне ортақ мәселеге айналып отыр. Соңғы ақпаратқа сүйенсек Еуропа елдері мен АҚШ-та да инфляция өсіп, 8 пайызға жетті. Америкада мұндай жағдай соңғы 40 жылда алғаш рет тіркелген. Мұны сарапшылар геосаяси жағдаймен байланыстырып отыр

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Жағдай біздеде мәз емес. Елімізде инфляция 12 пайызға жетті. Бұл соңғы 6 жылдағы антирекорд. Ұлттық банк төрағасының айтуынша бұған азық-түлік бағасының қымбаттауы әсер еткен. Бағаның қашан тұрақталары белгісіз. Жауаптылар әзірге бұл сұраққа дөп басып жауап айталмай отыр.


Б. Сатуов