Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана күніне орай Мемлекеттік ту көтерілді

  • AstanaTV
  • 04 шілде 2016
  • 2936

Астана күнін тойлау басталды. Жыл сайынғы дәстүр бойынша бүгін Мемлекеттік ту көтерілді. Салтанантты рәсім барысында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев елорда халқының саны миллионға жеткенін мәлімдеді. Президент астаналықтар мен миллионыншы тұрғынды дүниеге әкелген Мұхамедияровтардың отбасын құттықтады.

Таяуда еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланғаны белгілі. Осы орайда кеңес құрамындағы жұмыс біздің туымызды бұрынғыдан да танымал ете түседі, деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл қастерлі тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен бірге Астанамыз кәмелет жасқа толып, 18-ге келіп отыр. Небары 18 жылда бас қаламыз еліміздің ғана емес, аймақтың тіпті дүниежүзінің ірі орталықтың біріне айналды. Астаналықтар жаһандық деңгейдегі саммиттер мен съездерге, форумдар мен конференцияларға куә болып, өз алаңдарында соларды өткізді. Бүгінгі елордамыз - жаңғырған жаңарған Қазақстанның символы. Сол себепті Астана күні бүкілхалықтық мереке болып саналады.

Сондай-ақ, жылдағы дәстүр бойынша Жоғары бас қолбасшы еліміздің үздік жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шендерін табыстады. Президент жас өрендерді алған білімдерін тәжірибеде ұштастырып, Отанға адал қызмет етуге шақырды. 

Аман Азамат:

Осындай шенді алған мен үшін үлкен қуаныш. Және де отбасыма да қуаныш деп ойлаймын. Әрине, Тәуелсіз Отаныма, Қазақстан халқына және де президентіме адал болуға ант етемін.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА