70 мың қазақстандықтың пәтерақысын мемлекет жартылай төлеп береді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 18 сәуірде басталған бағдарламаға 13 мыңнан астам өтініш түскен. Соның 3 мыңнан астамыныкі мақұлданған. Ал бір мыңнан астам тұрғынның өтініші кері қайтарылған. Жалпы елімізде баспана кезегінде 608 мың адам тұр. Оның үштен бірі – әлеуметтік осал топ өкілдері.
Ләззат ИБРАГИМОВА, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:
Жалдау төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға 4 санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар өтініш бере алады. Бірінші санат – бірінші және екінші топтағы мүгедектер. Екіншісі – мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Үшінші – жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар. Төртінші – көпбалалы отбасылар. Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс.
А. Съезбек