Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда күйік шалған 6 бала көз жұмды

  • AstanaTV
  • 25 мамыр 2022
  • 2675

Атырауда 5 ай ішінде күйік шалған 6 бүлдіршін көз жұмды.  Дәрігерлер жағдайдың жиілеп тұрғанына алаңдайды.  Бұған көбіне ата-аналардың жауапсыздығы себеп болатынын айтады. Тіпті күйікті өңдеген соң, сәбиін ауруханаға жатқызудан бас тартатындар да көп дейді.   

1 жастан енді асқан Анастасия, ауруханаға бір апта бұрын түскен. Әжесі ол күн есіме түссе, әлі күнге уайымдаймын,- дейді. Сәбидің ас үйде ыстық шәйді қалай төгіп алғанын байқамай қалыпты. Жансақтау бөлімінде екі тәулік емделіп, беті бері қараған.

Елена ЖУРАВЛЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Стол шетінде тұрған ыстық  шәйді төгіп алды. Сол кезде қатты қорқып кеттік. Ол кездегі жайымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын.  Жансақтау бөліміне бір апта бұрын түстік. Дәрігерлердің арқасында жазылып келеміз. Үйге шығайын деп отырмыз.


Он айлық Кәрім де ыстық шәйға күйген. Оның қос қолы мен денесі зақымданған.

Екатерина ОЗҒАНБАЙ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Стол шетінде ыстық шәй тұр еді.  Бірақ балам одан едәуір алыс тұрған.  Жетеді деп ойламадық.  Өзіміздің де, туыстарымыздың да есіміз шығып кетті. Өзіміз алғашқы көмек көрсетіп, дереу жедел жәрдем шақырдық. Жансақтау бөліміне түскенде жағдайы өте ауыр болды. Қазір жақсы, көңілденіп, ойнайды.   

Қазір жарақат бөлімшесінде күйік шалған алты бала, ал жансақтау бөлімінде екі бала жатыр. Ақ халаттылар көбіне түнгі мезгілде, ыстық шәй, су, майға күйіп келетіндер көп деді. Әсіресе 3 пен 5 жас аралығындағы балалар өте көп келеді екен.  Дәрігерлер соңғы уақытта күйікпен бала түспейтін күн жоқ,- деп отыр. Бөлімшені айтпағанда, тек жансақтау бөліміне аптасына 7 балғын түседі екен.   

Ерлан КУДЕРИЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ЖАНСАҚТАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Жыл басынан 4 айдың қорытындысы бойынша, 180 бала түскен болса, оның ішінде «үйге қайтам» дегендер бар. Кей жағдай полиция қызметкерлеріне жүгінетін жағдайлар болады. Ол кезде ата аналарынан  сұхбаттасқан кезде ғана баланы емдеуге рұхсат беретін жағйдайлар болады.

Статистикаға сүйенсек,    2021 жылдың  4 айында 137 бала күйік шалып, ауруханаға түскен. Ал биылғы 4 айдың дерегі айтарлықтай көп: 185 сәби дәрігер көмегіне жүгінген. Өкініштісі сол,  6 бүлдіршін қайтыс болды
 
Сергей ХВАН, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС БАЛАЛАР ТРАВМАТОЛОГ-ОРТОПЕДІ:

Көбі 35-40 пайыздан жоғары күйікпен түскендер. Статистика бойынша, Үшінші дәрежелі «А», «Б» және төртінші дәрежелі күйікпен түскен балаларды  аман алып қалуға қанша тырысқанымызбен,  мүмкін болмай жатады. Кейде күйік тым терең болмаса да, қосымша аурулары мазалап, реанимотологтарға қиын соғады.  Күйік шалған баланы оңалту жұмысы өте қиын.  Кейді бір емес, бірнеше кезеңді ота жасауға тура келеді.


Дәрігерлер балаларды күйіктен қорғаудың  жалғыз жолы - ата-аналардың жауапкершілігі,- дейді, Олар  балаларды көзден таса қылмауды, жалғыз қалдырмауды, үйдегі аса қауіпті ас үй, батарея маңы мен  жуыну бөлмесінен аулақ ұстауды ескертеді.

Б. Надірқызы