Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда 123 жеке үйдің ауласы суға толды

  • AstanaTV
  • 04 шілде 2016
  • 3187

Алматыда Қарғалы өзені арнасынан асып, екі саяжайды су басты. 123 жеке үйдің ауласына су кірген. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратынша, аталған өзен Алатау ауданына тиесілі жылу электр орталығының маңайынан өтеді. Жылу орталықтағы диаметрі 1000 метрлік үш құбырдың екеуі тұрмыстық қалдыққа толып қалған. Құбырдың аузына жиналған су, ақыры біреуін бұзып өткен. Әсіресе «Энергостроитель» және «Теплоэнергетик» саяжай учаскелерінің тұрғындары жапа шекті.

Екатерина Бестаева, саяжай тұрғыны:

Тіземізден су кешіп жүрдік. Негізі өзеннің іргесін дұрыс бекітпеген. 2013 жылы жан-жағына жөндеу жұмыстарын жүргізгенде, 12 текше метр суды көтере алады деген, олай болмады. Ары кетсе, 7 текше метр суды қабылдауға қауқары бар. Салдарынан арнасынан тасыған су үйге кіріп, абыржып отырмыз. Оған қоса бүгін жаңбыр да себелеп тұр.

Қазір екі саяжайда төтенше жағдай мамандары мен құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Мамандар аулаларды судан тазалау жұмыстарын кешке дейін аяқтаймыз деп отыр. Бірақ жауын-шашын жағдайды қиындатуы мүмкін.

Сандуғаш Баймұханбетова, Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің  ресми өкілі:

Қазіргі кезде ол жерде 43 жеке құрам, 18 бірлік техника және 5 мотопомпа жұмылдырылған. «Қазгидрометке»  сілтеме жасап, қазіргі сәтте қатты жауын-шашын күтілуде. Алматы қаласының жекелеген өзендерінде  су деңгейі көтеріліп, су басуы ықтимал.

Айгүл ЕРМАХАН