Елордалық 3 жасар Айзереге екінші рет өмір сыйлаған Қызылорда тұрғыны Сәбит Шонтақбаев бұған дейін де бір жасөспірімді ажалдан арашалаған. 2009 жылы суға батып бара жатқан 15 жастағы қызды құтқарды. Бірақ оны көпшілік білмейді. Өзі де ол әрекетін батырлық деп санамаған. Ал балалары батыр әкемен мақтанады. Қызылордадағы тілшіміз Мөлдір Тоқтасынқызы Сәбиттің отбасында болып, оның анасымен, жарымен, балаларымен тілдесті.
Үш жыл бұрынғы жағдай Сәбиттің көз алдында. Қалалық жағажайда суға батып бара жатқан жасөспірімді көрген ол, дереу суға секіріп, құтқаруға тырысқан. Басына төнген қауіпті де елемепті. Тек бар ойы қызды жағаға алып шығу болған. Абырой болғанда, жеткіншек аман қалды. Ал Елордадағы ерлігі дүйім жұрттың әлі аузында жүр. Өзі де басында түс көргендей болғанын жасырмайды. Алайда құтқаруға ұмтылған сәтте сый-құрмет, атақ-даңқты емес, баланың амандығын тіледім дейді. Себебі терезеге ілініп тұрған қызға қарағанда, өзінің кенже ұлын көргендей болыпты. Әкелік мейірімге толы жүрегімен ол 7 қабаттың биіктігін де байқамаған.
Сәбит ШОНТАҚБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мен ол сәтте төменге қарамағанмын, тек балаға қарай бергенмін, қолды жіберіп қоймай ма, ұстап үлгерейін деген оймен. Сұхбат беріп, көрсетіп қалай болғанын, вот сол кезде көрдім 7 қабат қаншалықты биікте тұрғанын. «Әлемді сұлулық емес, мейірімділік құтқарады» дейді. Мейірімділік болса, бәрі болады.
Егіздің сыңары Сәбит- 5 баланың үшіншісі. Анасы оның бала кезінен әр нәрседен хабары бар екенін, жұмысқа да епті болғанын айтады. Ұлының ержүрек әрекетін талбесіктен алған тәрбиенің негізі деп біледі. Алайда, жазатайым оқиғаны видеодан көрген сәтте, еріксіз көзіме жас келді дейді.
Гүлбаршын ПІРІМБЕТОВА, СӘБИТТІҢ АНАСЫ:
Алғыс ал, қарғыс алма» дейді. Алғыс көп алсаң жақсы азамат боласың. Еліңе қалаулы, халқыңа мақтаулы болып өсіңдер деп, жас кезінен, кіттай кезінен сүйтіп өскен. Видеоны көрдім ғой, қорқыныш болды, жылап та алдым. Бірақ балам аман болғаннан кейін, әлі күнге дейін, кеше келгенге дейін әлі, үйренісе алмай жатырмын, шын ба, балам аман ба дегендей.
Көпбалалы отбасынан шыққан Сәбит келіншегі Әйгерім екеуі 3 ұл 1 қыз тәрбиелеп отыр. Жары отағасының амандығына қуанса, балалары әкелерінің батыл қадамын жарыса айтады.
Сағи СЕРІК, СӘБИТТІҢ ҰЛЫ:
Мен әкемді батыр деп санаймын, өйткені ол қорықпай 7 қабатқа шығып, баланы құтқарған. Достарым да сенің папаң батыр, герой деп айтып жүр. Мен әкеммен мақтанамын, менің әкем- әлемдегі ең батыр әке.
11 маусым Сәбит пен кішкентай Айзеренің отбасы үшін де ұмытылмас күнге айналды. Бірақ бұл еңбегін ол пұлдаған емес. Дархан көңіл ағайын қолдан келген сый-құрметін жасап жатқанын айтады. Оған әрине алғысы шексіз. Көпшілік ойлағандай Сәбиттің спорттан хабары да жоқ. "Мені шыңдаған -еңбек пен ауылдағы қайнаған тірлік"-, дейді.
М. Тоқтасынқызы