Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қоғамдық бақылауды жаңа деңгейге шығару керек", -депутаттар

  • AstanaTV
  • 26 мамыр 2022
  • 1434

«AMANAT» партиясының депутаттары қоғамдық бақылауды жаңа деңгейге шығару керек дейді. Олар Конституциялық реформа жөнінде түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. КСМ Бұл жолы Мәжіліс және қалалық мәслихат депутаттары елорданың Үркер шағынауданының тұрғындарымен кездесті. Жұртшылық халық қалаулыларына тұрғын жайдың түйткілді мәселелерін  айтты. Айтуларынша, мұнда  мектеп, балабақша, жол жоқ. Тұрғындар саяси реформалар енгізілсе, тұрмыс деңгейіміз де көтеріледі деген сенімде.

Марат ИСАЖАНОВ, ТҰРҒЫН:

Күрделі мәселелер, халық араласып, халық шешетін мәселелер көтеріліп жүр. Оның пайдасы да бар. Өйткені қайбір заң болмасын бүгін ол заң жұмыс істесе, ертеңгі күні ол кішкене ескіріңкірейтін болады. Сондықтан мынау заманның талабына, өміріміздің алға басқанына қарай.


Үркерліктер өткен жылы сауықтыру кешені ашылады деп күткен. Алайда, мердігерлермен арада мәселе туындап, жоба аяқсыз қалған, - дейді депутаттар. Кездесуге арнайы келген әкімдік өкілдері нысанның қашан қолданысқа берілетінін түсіндірді. Шағынауданда 900 орындық мектеп те бой көтереді, - дейді олар. Мәжілісмендердің айтуынша,  бұл процестің барлығын тұрғындардың жіті қадағалауы маңызды.  Алдағы конституциялық реформаның да діттегені -осындай әлеуметтік мәселелердің шешілуіне қоғамдық бақылауды күшейту.

Елдос АБАҚАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
 
Конституциялық өзгерістерден кейін халықтың мемлекеттік басқарудағы рөлі күшеюі керек.  Өйткені мемлекет пен қарапайым, белсенді тұрғындардың арасындағы қарым-қатынас күшейетін болса, онда мемлекет те тыңдаушы болады. Халық та істелінген жұмысқа риза болады.

А. Съезбек