Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл үш миллионнан астам оқушы жазғы лагерьмен қамтылады

  • AstanaTV
  • 01 маусым 2022
  • 1210

Биыл үш миллионнан астам оқушы жазғы лагерьмен қамтылады. Ал балалар денсаулығына байланысты қаржыландыру 30% артпақ.  Бұл туралы бүгін үкімет отырысында айтылды. Жазғы маусымда балалар үшін тағы не істелмек? Денсаулығында кінәраты бар бүлдіршіндер үшін қандай жеңілдіктер қарастырылып отыр?  Бекболат Сатуов тарқатады

Биыл балалар жылына орай үкімет жазғы маусымда лагерьге баратын бала санын арттырып отыр.  Ұйымдастыру жұмыстарын жергілікті әкімдер қолға алады. Сондай-ақ, халықаралық олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ағымдағы жылы сыйақы беру көзделуде. Бұл елімізде алғаш рет қолға алынып отыр.

Шолпан ҚАРИНОВА, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Биыл қазақстандық олимпиадашыларға халықаралық 7 беделді олимпиадаға қатысуға толық 31 квота бөлінді, оларға шілде-тамыз айларында балалар қатысады. Алғаш рет республикалық қаражат есебінен осы халықаралық интеллектуалдық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, оларды дайындаған педагогтарға сыйақы беріледі.

Елімізде жыл сайын 500-ден астам баладан онкогематологиялық дерт анықталады. Ал 1мың 500-ден астам сәбиге хирургиялық операция жасалады. Бұл- денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі. Сондықтан  Ажар Ғиният балалар арасындағы аурулардың алдын-алу бойынша биыл қаржы көлемін ұлғайттық дейді.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Осы балалар жылы шеңберінде денсаулық сақтау министрлігі балалардың денсаулығын сақтау бойынша бірнеше бағытта қаржыландыруды ұлғайтты. Бұл жөнінде үкіметтің де, қаржы министрлігініңде қолдауы болды. Атап айтқанда 54 пайызға балаларды профилактикалық тексеруге бағытталған қаржыландыру көлемі 10млрд-тан 16,8 млрд-қа ұлғайды.

Бәрін қолға аламыз деп үйіп-төгіп баяндама жасаған министрлерге үкімет басшысы, нақты орындау керек  деп тапсырма жүктеді.    Әрбір бала жазғы уақытта пайдалы, тиімді өткізуі керек.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Балалар жылының барлық іс-шаралары нақты орындалуы тиіс. Балаларды қорғау күні қашанда жазғы сауықтыру компаниясының бастамасы болған. Ол үшін денсаулық сақтау министрлігі қолайлы жаз мезгілін барынша тиімді пайдаланып, кешенді шараларды қабылдау керек.

Биыл мектеп жасына дейінгі балалар үшін 34 мыңнан аса орынға 322 балабақша ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ,  алғаш рет  елімізде  мектеп автобустарының автопаркі ауқымды түрде жаңартылмақ.

Б. Сатуов