Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде 10 мыңнан астам референдум учаскесі құрылды

  • AstanaTV
  • 03 маусым 2022
  • 1913

Елімізде10 мыңнан астам референдум учаскесі құрылды. Олар 5 маусым күні әр өңірдің жергілікті уақытымен таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. 18-ге толған әрбір қазақстандық өз таңдауын жасай алады. Сайлаушылар тізіміне  12 млн жуық дауыс беруші енгізілген.   Конституцияға өзгеріс енуі үшін референдумға қатысушылардың тең жартысы жақтап дауыс беруі керек. Өңірлердегі  тілшілеріміз саяси шараға дайындық  туралы  толығырақ баяндайды.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Әулие ата өңірінде  Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздеген референдумға дайындық қызу жүріп жатыр. Облыста 492 референдум учаскесі таңғы 7 ден кешкі 8-ге дейін   жұмыс істейді. Онда референдум комиссиясының 3748 мүшесі қызмет етеді.  Саяси науқанға қатысуға құқығы бар азаматтар саны -688 мың адам. Мұның ішінде 38 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар.

Арын АСҚАРБЕКОВ, ТАРАЗ ҚАЛАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Тараз қаласы бойынша бүгінгі таңда 13 мың 800 ден астам мүгедектігі бар тұлғалар тіркелген. Олардың ішінде 864-і ерекше күтімді қажет ететін адамдар. Міне осы адамдар арасында 566-сы үйінде дауыс беру туралы өтінішін білдіріп отыр. Қалғандары референдум учаскелеріне келіп дауыс беруді ниет етіп отыр. Оларға барлық жағдай жасалған, яғни қол жетімді.

Облыс бойынша 21 колл-орталық  жұмыс істеп тұр. Онда жергілікті атқарушы органдар бекіткен 15 оператор  референдумға қатысты сұрақтарға  сұрақтарға жауап береді.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Ел үшін маңызды күні өз таңдауын жасауға халық та ерекше ниетті. Олар мұндай шешуші сәтте шет қалмай, науқанға бір кісідей атсалысамыз дейді.   Саяси шараға дайындық Атырауда қалай жүріп жатыр, оны әріптесім  Базаргүл Нәдірқызы айтады.
 
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Иә, Берік. Атырауда да тарихи маңызды күнге дайындық ерекше. Облыста 397 мыңға жуық  дауыс беру құқы бар азамат болса, оның 11 мыңнан астамы референдум күні вахталық әдіспен жұмыста болады.  Қазір жұмысшылардың өтінішіне сәйкес тізім  жасақталды. Олар вахталық кенттерде ашылған 43 учаскелік комиссияға барып, таңдау жасай алады.   Ал ең шалғай орналасқан Қашаған кен орнына комиссия мүшелері тікұшақпен қатынайды деп жоспарланып отыр.

Ал қаладағы учаскелік референдум комиссиясының мүшелері соңғы дайындықты пысықтап жатыр. Ақпараттық  плакаттар  ілінген, методикалық  жабдықтар орынында тұр.  Барлығы талапқа сай.  

Азамат АЙМАНАҚҰЛОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бюллетеньдер уақытында жеткізілді. Учаскелік комиссияларға таратылды. Қазіргі уақытта олар полиция органдарының күзетінде тұр. Атырау облысы жасыл аймақтардың бірінде. Былтырғыдай карантиндік шектеулер жоқ соған байланысты учаскелерде қандай да бір шектеулер болмайды. Дегенмен  де мемлеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, біз арақашықтықты ұстау, дауыс беру ғимараттарын желдету мәселерін ұйымдастыратын боламыз.

Сондай-ақ, 8 референдум учаскесіне 5 мүмкіндігі шектеулі жан үйінде  дауыс беретінін алдын ала хабарлаған. Референдум күні күндізгі сағат 12-ге дейін өтініш беруге болады. Аймақта 11 жабық референдум учаскесі  бар: оның  9-ы емхана, біреуі- уақытша қамау изоляторы және 1әскери бөлім.
 
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Дауыс беру таңертеңгі 7-ден кешкі сағат 8-ге дейін болады. Жабық учаскелерде тізімге енген азаматтардың барлығы  дауыс беріп болса, сол кезде аяқтаймыз,- дейді референдум комиссиясының төрағасы. Айта кетейік, Атырауда 5 маусым күні қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдайды. Әрі қарай Павлодардағы әріптесім Өзгеріс Қуанар жалғастырады.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:


Базаргүл, рахмет! Павлодар облысы да референдумға  сақадай сай. 5-маусым күні өңірде  528   учаске жұмыс істейді. Комиссия мүшелері соңғы дайындықты қазір  пысықтап жатыр. Референдум күні  сайлаушыларға барлық жағдай жасалады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың да маңызды оқиғадан қалыс қалмауы үшін  арнайы инватакси қызметі ұйымдастырылмақ.

Гүлнәр АМАНЖОЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:


Әрбір сайлау учаскесінде көзі нашар көретіндер жандар үшін брайльді пайдаланауға болады. Өздігінен дауыс беру бюллетенін толтыруға арналған арнайы трафареттер бар. Бұдан бөлек, құлағы нашар еститін азаматтарға көмек көрсету үшін сурдоаудармашылар да жұмыс істейді.

Референдум  учаскелерінің барлығы қажетті заттармен толықтай жабдықталды. Дауыс беру кабиналары мен жәшіктер қойылған.  Өңір тұрғындары үшін 517 мың 922 бюллетень дайын. 225  учаскеде тізімге енбей қалған тұрғындар үшін онлайн тіркеу қызметі  қарастырылған.  

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Аймақта жалпы саны 500 мыңнан астам адамның дауыс беру құқығы бар. Өңір тұрғындарының басым бөлігі ел үшін маңызды шараға баратындарын жеткізді.

Ө. Қуанар, Б. Нәдірқызы, Б. Жұмабай