Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада Ораза айт ерекше тойланып жатыр

  • AstanaTV
  • 05 шілде 2016
  • 3416

Отыз күн ораза аяқталып, ораза айт басталды. Бүгін таңда айт намазы оқылып, барша мұсылман мерекені тойлай бастады. Бір біріне айттап, жылы лебіз білдіретін күні Президент те Қазақстан халқын қасиетті мейраммен құттықтады. «Ұлық мейрам күндері әрбір шаңыраққа шаттық пен денсаулық, игілік пен бақ-береке әкелсін» делінген құттықтауда.

Қалыптасқан дәстүр бойынша астаналық мешіттердің бірінде айт намазын еліміздің бас имамы Ержан қажы Малғажыұлы көпшілікпен оқыды. Құлшылықтың соңы қазақы нақыштағы мерекелік думанға ұласты. Біздің арнаның түсіру тобы керемет думанның куәсі болып қайтты. 


Биыл айт намазына ағылған халықтың қарасы қалың. Сағат алты болмай «Нұр Астана» мешітінің іші лық толды. Уағызды ықыласпен тыңдаған халық, араға дінбасы келе сала, иық тіресіп, сап түзеді. Бұдан кейін мешіт алдында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Бас мүфти жәрмеңкеден сарқыт алып, сауапты амалдың үлгісін көрсетті. Өйткені берекелі сауданың әрбір тиыны қайырымдылыққа жұмсалмақ.

Ержан қажы Малғажыұлы, ҚМДБ басшысы, бас мүфти:

Келер жылғы оразаға, Қадыр түнге, келесі түнге Алла тағала аман-есен жеткізуге нәсіп етсін. Бүгінгі қасиетті айт күні әр шаңыраққа Алланың берекесі, нұры жаууын нәсіп етсін. Әр уақытта арманымыздың астауы болған егемендігіміз мәңгі болсын!

Қазақстан мұсылмандарын өз халқының атынан Ливияның елшісі де құттықтап жатты. Олар айт мерекесінің бұлайша тойлануын құп көреді. Қариялар балалығын еске алып, асық атысты, ептімін деген ерлер кір көтеріп жарысты. Елорда күнімен қатар түскен мерекеге Нұрболат ақсақал Ақтөбеден арнайы келіпті.

Нұрболат Тоқболатов:

Ел тыныш болсын, молшылық болсын. Алла тағала бәріңе де денсаулық, амандық, жақсылық тілеймін.

Қуанышты көпшіліктің арасында елге танымал өнер иелері де бар. 30 күн ораза тұтқандары Рамазанды қимастықпен шығарып салып жатырмыз дейді. 

Аян Жаймағанбетов, «Дабыл» тобының солисті:

Бауырымыз екеуміз жамағатпен қатысып, бас мүфтиіміздің дұғасына қатысып, керемет әсерде тұрмыз. Жамағатымыз бүгін асығып жұмысқа кетіп жатыр, демалыс күні болса, жақсы болар еді.

Жұмысына асыққан халық қазақтың дәстүрі мен діні әдемі өрілген мерекені қимай кетіп жатты. Ал асықпағаны ән тыңдап, тойлауын жалғастырды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ