Русский Сайттың толық нұсқасы

«Бұл-тарихи күн», - Алтай Көлгінов

  • AstanaTV
  • 05 маусым 2022
  • 1540

Елордадағы референдум учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-ден бастап жұмысын бастады. Тұрғындар өз таңдауын жасауға асығуда.  Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те алғашқылардың бірі болып №329 сайлау учаскесіне барды.

700 мыңнан астам елордалықтың референдумға қатысуға құқығы бар. Олар таң атқаннан бері өз сайлау учаскелеріне барып, ел үшін маңызды науқанға үн қосуда. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі де тіркеуден өтіп, тәртіп бойынша бюллетень алды. Дауыс беру кабинасына кіріп, таңдауын жасады.

Алтай Көлгінов, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл -тарихи жағдай. 1995 жылдан бері референдум алғаш рет өткізіліп жатыр. Себебі, Ата заңның үштен бірі өзгертіліп жатыр. Бұл мемлекетіміздің дамуына деген әрқайсымыздың қосқан үлесіміз. Өзіміздің Конституциялық борышымызды орындағанымыз деп санаймыз.

Бюллетеньде бір ғана сұрақ бар. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба? Бас құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасымен сайлау учаскесінде танысуға болады.

Ержан ҚҰЛЫМБЕТОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ «АЛМАТЫ» АУДАНЫ №329 РЕФЕРЕНДУМ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Барлығы талапқа сәйкес жасақталды. Комиссия мүшелері өз жұмыстарын уақытылы бастады. Ауданымызда бүгінде 2865 адамның таңдау жасауға құқығы бар. Олар таңнан бері келіп, өз таңдауын жасап жатыр.


Ресми ақпаратқа қарағанда, астаналықтардың референдумға қатысу белсенділігі жоғары. Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Т. Әлжанов