Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ешқандай мәжбүрлік жоқ» - Президент

  • AstanaTV
  • 05 маусым 2022
  • 1130

Жалпыұлттық референдум ел тарихында маңызды оқиғалардың бірі болып тарих бетіне жазылады. Бұған дейін Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі шешімді Парламент қабылдап келді. Сондықтан бұл жолғы науқанның маңызы да, мазмұны да бөлек. Бастысы, халық жауапкершілікті сезінді, референдумға белсенді қатысты.

Таңғы жетіден бастап ел бойынша бүгін барлығы 10 мың 13 референдум учаскесі жұмыс істеді. Шетелде жүрген азаматтар үшін әлемнің 52 елінде 65 учаске ұйымдастырылды. Яғни, ел үшін маңызды науқанға үн қосамын деушілер үшін бар мүмкіндік қарастырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының ғимаратында орналасқан референдум учаскесіне барып, дауыс берді. Таңдауын жасағаннан кейін бүгінгі күннің маңыздылығына тоқталып, ешқандай мәжбүрлік болмағандығын айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Шын мәнінде біздің еліміздің тарихында тұңғыш рет дауыс беру рәсімі болып жатыр. Еліміздің тарихындағы өте маңызды күн. Халқымыз бүгін бетбұрысты шешім қабылдамақ. Сондықтан бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Ешқандай мәжбүрлік жоқ. Референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ел болашағына қатысты саяси өзгерістер халық таңдауына беріліп отырғанын айтады. "Конституцияда биліктің бастауы халық деп жазылған. Сондықтан жалпыхалықтық референдумның маңызы зор" дейді.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгін - еліміз үшін өте маңызды күн. Өздеріңіз білесіздер Конституциядағы ең негізгі қағидалардың бірі биліктің бастауы - халық. Сондықтан бүгінгі  референдумға сол конституциямыздың негізгі қағидасын жүзеге асырылуы деп те қарауға болады.


Ал, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Ұлттық кітапханадағы  №111 референдум учаскесінде дауыс берді. Ол маңызды шараға отбасымен барды. Ерлан Қарин, бірінші рет 1995 жылы референдумға қатысқанын айтты. Ол кезде студент болған. Референдум бойынша бастамашы топтың құрамында болып, үйлерді аралап, халыққа Конституцияның маңыздылығына қатысты түсіндіру жұмысымен айналысқан. Биылғы референдумда да жастардың белсенділігіне жоғары баға берді.

Ерлан ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

Бүгінгі өтіп жатқан референдумға аса қатты мән береміз. Меніңше бүгін әрбір еліміздің азаматы, өзінің таңдауын жасау керек деп есептеймін. Менде елдің қатардағы бір азаматы ретінде бүгін келіп өзімнің таңдауымды жасадым.

Референдумға билік өкілдері, қоғам қайраткерлерінен бастап, қарапайым халыққа дейін белсенді қатысты.

Жалпы бұл саяси науқанда 18 жастан асқан 11 млн 722 мың қазақстандыққа таңдау жасау құқығы берілді. Соңғы 27 жылда алғаш рет өткізіліп отырған референдумда Конституцияның 33 бабына түзету енгізілу ұсынылып отыр.

Т. Әлжанов