Русский Сайттың толық нұсқасы

101 жастағы қызылордалық Яхия ақсақал да маңызды шарадан қалыс қалған жоқ

  • AstanaTV
  • 05 маусым 2022
  • 924

Бүгінгі саяси науқанда халықтың белсенділігі ерекше болды. Кей өңірлерде түске дейін-ақ  халықтың тең жартысынан астамы өз таңдауын жасап үлгерді.  101 жастағы қызылордалық Яхия ақсақал да маңызды шарадан қалыс қалған жоқ. Ал Ақтөбедегі  23 бала тәрбиелеп отырған Жетесовтер отбасы референдум учаскесіне бала-шағасымен түгел келді.    

Еліміздің барлық өңірлерінде таңғы сағат жетіде референдум учаскесіне ағылғандардың қарасы қалың болды. Дені - аға буын өкілдері. Олар ел тарихындағы елеулі күнге ат салысар осындай сәттен қалыс қалмаған жөн дейді.

Гүлнар ЖАНҒАЗИЕВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бүгін әдейі ерте тұрып, ең бірінші болып келдім. Дауыс беруді азаматтық борышым деп санаймын. Өйткені біреу біздің жағдайымызды жақсартып береді деп босқа үміттеніп отырмай, өзіміз ұмтылуымыз керек.

Ал қызылордалық соғыс ардагері Яхия Тасыров учаскеге көпке үлгі ретінде, таңғы 6 жарымда келдім дейд.   Беларусь, Курск, Польша қалаларын азат етуге қатысқан майдангер қазір  101 жаста. Қос ғасырдың куәгері жиналғандарға батасын беріп, елдің тыныштығын тіледі.

Яхия ТАСЫРОВ, СОҒЫС АРДАГЕРІ:

Бақытты болсын балаларым, аспан ашық болсын. Бейбітшілік заман болсын. Соғыс деген бәле болмасын. Көк байрағы аспанға шалықтап желбірей берсін.  


Ақтөбелік  көпбалалы Жетесовтер жанұясынан 10 сайлаушы келді.   Ерлі-зайыпты Өмірхан мен Амангүл 21 бала тәрбиелеп отыр, олардың үшеуі - өз баласы, қалғанын асырап алған. Данияр мен Көркемай Жетесовтер алғаш рет дауыс берді, биыл олар 18 жасқа толды.  

Амангүл ЕШПАНОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Бүгінгі күн ерекше күн, бүкіл Қазақстан үшін, әсіресе, біз аналар үшін, көп балалары аналар үшін, болашаққа, келешекке, Қазақстан мемлекетіне еңбегін сіңіріп жатқан біз сияқты аналар үшін бұл үлкен мереке.  

Ақтөбелік студент Аяулым Сағидоллақызы үшін де бүгін қос мереке. Оның туған күні, әрі ол Қазақстан  азаматы ретінде бірінші рет саяси науқанға қатысты.    
      
Аяулым САҒИДОЛЛАҚЫЗЫ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұрын-соңды туған күнімде ондай жағдай болмаған. Бірінші рет осы 18 жасымда сайлауға шақырып жатыр. Азанмен өз даусымды беруге келдім.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ:

Дауыс берушілер арасында  некесін қидыра сала референдум учаскесіне асыққан жандар да кездесті. Жас отбасылар елдегі маңызды шарадан тыс қалмай, өз таңдауын жасады. Аймақтар бойынша қызылордалықтардың белсендігі ерекше болды. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, түске дейін облыс тұрғындарының жартысынан астамы дауыс берген.
 
М. Тоқтасынқызы