Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл 500 мың адам жұмыспен қамтылады

  • AstanaTV
  • 07 маусым 2022
  • 1775

Биыл елімізде жұмыссыздар көбейген. Қазір 453 мың адам екі қолға бір күрек таппай жүр. Бұл  өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 мың адамға көп. Ал Үкімет 46 мың адамға жұмыс тауып бердік, енді 500 мың адамға көмектесеміз дейді. Бірақ жұмыссыздық деңгейі неге азаймай тұр? Ақбота Базарбайдың материалында толығырақ.

Елордаға Екібастұз қаласынан жұмыс іздеп  келген Қасымхан Менсарбасов 18 жылдан бері осылай сенделіп жүргенін айтады.   Күнде базар маңын торуылдайды.  Сұраныс болса, табыс болады, ал кейде дымсыз қайтамын дейді.  

Қасымхан МЕНСАРБАСОВ:

Болмай тұр ғой сол. Күні бойы жүрміз таңертеңгі 7-ден бастап. Жасымыз 50-де сол жүрміз. Жастарды әкетеді. Шалдармыз жүрміз міне.

Күніне шамамен 150-200 адам жалдамалы жұмыс іздеп  осы жерді айналшықтайды. Олардың айтуынша,  тұрақты еңбекпен қамтылу қиын. Көбісі қызмет өтілін сұрайды дейді.

Қазақстанда бір айда 174 мың   жұмыссыз тіркелген.  Өңірлер бойынша жұмыссыздықтың ең жоғары көрсеткіші-Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда  және Батыс Қазақстан облыстарында.

Ал Үкімет тарапынан қолдау бар деген еңбек министрлігі, 500 мың адамды жұмыс орнымен қамтимыз дейді.  

Тамара Дүйсенова, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Биыл мамыр айында ERG компаниялар тобымен бірлесіп, білім беру ұйымдарының түлектерін және 35-ке дейінгі жастарды жұмысқа орналастырудың онлайн-жәрмеңкесі пилоттық режимде өткізілді. Компания 350 жұмыс орнын ұсынды. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, биыл ұлттық жобалар аясында 269 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Жұмыссыздықты азайту үшін Үкімет өңірлерде 3 мыңнан астам жоба іске асырмақ. Сонымен қатар, әр ай сайын онлайн-жәрмеңке ұйымдастырылады. Ол арқылы кез келген маман еліміздің ірі кәсіпорындарына  жұмысқа орналаса алады дейді.

А. Базарбай