Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеліктер бұралқы ит аулауға өздері кірісіп кетті

  • AstanaTV
  • 13 маусым 2022
  • 1328

Ақтөбеде итке жем болған баланың өлімінен кейін Есет батыр ауданының тұрғындары арнайы мамандармен бірге бұралқы ит аулауға шыққан. Үш күннің ішінде ауданнан жүз шақты төрт аяқты ұстап әкетілді, дейді ата-аналар. Аудан халқы бұл шараны адам өлмей тұрып қолға алу керек еді деп күйінеді. Ал, Ақтөбенің әкімі қаладағы қаңғыбас иттерді 2-3 аптаның ішінде жоқ қылуға тапсырма бердім деп отыр.

Алтынгүл Жарылғапова мамыр айының ортасында итке таланып, өлім аузынан қалған оқушы Айжанның анасы. Ол қызының сол күні үстінде болған жырым-жырым киімі мен сөмкесін мектептен бүгін әкетті. «Оқиғадан кейін бір айдай уақыт өтсе де, қызымның жан жарасы жазылар емес» дейді ол. Алтынгүл «адам өлмей тұрғанда бұралқы иттерді жойыңдар» деп әкімдікке де, прокуратурға да арыз қалдырдым. Бірақ, олар тым-тырыс отырды дейді.   
       
Алтынгүл ЖАРЫЛҒАПОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бәрі басын ала қашады, өлтірдік, итті қамадық деген ешкім жоқ. Бәрі келді, ветстанция, ветнадзор, ауылшаруашылығы басқармасы, міне заң деп алдыма папка қойды, папка ішінде президенттің қолдағаны заңы – итті атуға болмайды деген.


Есет батыр ауданының тұрғындары бұл мекенді қаңғыбас иттердің астанасы атап кеткен. Кішкентай Мадиярды ит талап өлтірген күннің ертеңіне халық жиналып, әкімдік қызметкерлерімен бірге аудандағы иесіз иттерді аулауға шыққан. Үш күннің ішінде жүзге тарта мақұлықты ұстадық, дейді мұндағы жұрт. Тұрғындар егер әкімдіктегілер Айжанды ит талаған оқиғадан кейін іске кіріскенде қайғылы жағдай болмас еді деп күйінеді.

Индира ТАСМҰРЗАЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Иттер өте көп. 100 шақты ит осы күнге дейін ауланды. Не масқара мынау? Зоозащитниктерге айтарым, сіздер егер жаныңыз ашыса иттерге, арнайы сбор ашыңыздар, біз, халық қарсы емеспіз. Сбор ашып, осы иттерді обеспечить етіңіздер. Ол иттер көп, әрқайсысына азық керек.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин бүгінгі брифингте бұралқы иттердің көзін құртуға жаңа заң тосқауыл болғанын алға тартты. Бірақ, кешегі жағдайдан кейін көше кезген иесіз иттерді атуға емес, аулап, қамауға тапсырма бердім деді.

Оңдасын ОРАЗАЛИН, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

2-3 аптаның ішінде қаңғып жүрген иттердің бәрін аулап жеткізетін орынға жеткізсін деп тапсырма бергенмін. Бұған қаражат мәселесі проблема емес. Көп қаражат талап етпейді, бұның бәрі де бюджетте қарастырылған. Тек қызметкерлеріміз өкініштісі сол - ереженің күшіне енгенін тосып отырғаны мына жағдайға апарғаны. Біз кемшілікті біліп отырмыз. Тиісті шараны қабылдаймыз.


Әкімнің ақпараты бойынша, былтыр Ақтөбеде 17 мың қаңғы иттің көзі жойылса, биыл жаңа заң шықпай тұрып, 3 мың 700-і  өлтірілген. Ал, итке таланған баланың өліміне кім жауап беретіні тергеу нәтижесінен кейін белгілі болады деді Оңдасын Оразалин.

Г. Сейтенова