Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында 126 мың гектар егістік күйіп кету қаупі бар

  • AstanaTV
  • 14 маусым 2022
  • 2730

Судың басында отырып, суға жарымаған ағайын. Түркістан облысында Сырдария өзенін жағалай қоныстанған төрт бірдей ауданның шаруалары егістігін суаруға су таппай отыр. Ала көктемнен жер тырмалаған дихандар жиырма күнде мәселе шешілмесе 126 мың гектарға егілген дәнді дақылдар күйіп кете ме деп алаңдайды. Айтуларынша, суға жауапты министрлік өкілдері оны тікелей Қызылордаға ағызып жатқан көрінеді.

Шырылдап тұрғандар - Арыс, Отырар, Шардара мен Жетісай ауданының шаруалары. Ағын судан тапшылық көріп жүрміз дегендердің сөзінше, облыс дихандарына биыл Сырдария өзенінен қайыр болмай тұр. «Жауапты министрлік пен Су ресурстары комитеті дариядағы суды түгелімен Қызылорда облысына жіберіп, бізді сусыз қалдырып отыр» десті жиылғандар.

Жасан САҚ, АРЫС АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Барлық диқандар жылап келіп отыр, істеген еңбегіміз далада қала ма, осыны қалай шешеміз деп. Шешудің мәселесін жоғарғы жаққа қарап отырмыз. Сол жоғарғы жақ осы мәселені шешеді деп талап етеміз.

Ағын судан Жетісай ауданының шаруалары да тарығып отыр. Набаткүл Байтанаева жетекшілік ететін үлкен шаруашылық 369 гектар алқапқа шит сепкен. Былтыр шілде, тамыз айларында Маш каналы арқылы Сырдан бір құлақ та су ала алмағанын айтады.

Набаткүл БАЙТАНАЕВА, ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Соны былтырғы жылы Серік Салауатұлы Қожаниязовқа айттық вице министр су ресурстарының  Бірекешовтың бірінші замы, сол суды басқаратын басшыларымыз емес, именно сол  Серік Салауатұлы ашу керек екен. «Аш» десе ашады, «жап» десе жабады екен. Сондықтан ол рұқсат берілмеді.
 
Көксарай су реттегіші әу баста көктем мезгілінде Сырдариядағы артық суды жинап, сол маңдағы шаруалар мен көршілес Қызылорда облысын жазда тіршілік нәрімен қамту мақсатында салынған-ды. Мұнда 3 млрд текше метр су жиналады. Бірақ бір тамшы да су жіберілмегенін айтқандар қазір «Көксарайдың» ұлтаны көрініп жатқанына ашынды.

Сүйеубек ДІЛДӘБЕКОВ, ШАРУА, АРЫС АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Судың бойында отырып мүлдем су ала алмаймыз. Біз үкіметтен қол жайып ақша сұраған жоқпыз. Бала-шағамызды бағып, күн көру үшін су сұрадық. Сол суды берсін, сонда қаншама халық осында бойында күнін көреді.

Сырдария өзенінің суын бөлуге қатысты дау өткен жылдан бері ушығып тұр. Осыған байланысты өңір басшысының ұсынысымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде арнайы комиссия құрылып, топ мүшелері мамырдың соңында Арысқа арнайы ат басын бұрған. Осы кездесуде шаруалар өздерінің жанайқайын тиісті министрлікке жеткізуді Су ресурстары комитетінің өкілі Еділ Әбдірайымовтан өтінген екен. Алайда бір аптада шешеміз деген мәселе әлі нәтижесіз дейді кенезесі кепкен ағайын. Төрт ауданның халқы телміре күткен сұраққа алған жауабымыз мынау болды.
 
Ерлан ШАНШАРХАНОВ, ҚР ЭГТРМ СУ РЕСУРСТАРЫ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аудан әкімдерімен, облыс басшыларымен жиналыс барысында бұл мәселелер қарастырылды. Қазіргі таңда бұл мәселе шешімін табады. Осылай нақты айта аламыз.

 
Мәселе осылай жылдан жылға қала беретін болса, 10-15 күнде дарияны жағалай қонған төрт ауданның егістік алқаптары күйіп кету қаупі бар.

А. Төребекқызы