Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбенің «Парасат» ауданына коммуникация желілері қашан тартылады?

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2022
  • 1639

Ақтөбенің шетіндегі «Парасат» ауданының тұрғындары  ашулы. Оларға жер телімдерінің  берілгеніне 5 жыл болса да, ауданда  әлі күнге дейін су, газ, электр энергиясы  жоқ.  Шенеуніктердің құр уәдесінен шаршадық дейді тұрғындар.  Ал әкімдіктегілердің бұған жауабы қандай? Өңірдегі тілшіміз Гулвира Сейтенова айтады.

Ақтөбеден 25 шақырым жердегі «Парасат» тұрғын алабынан жер учаскесін алған ақтөбеліктер не үй сала алмай, не салған үйлеріне көшіп келе алмай қиналып отыр. Жердің берілгеніне 5 жыл өтсе де, ауданға коммуникация желілері жүргізілмеген.   

Шәкіржан САРМАНОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

4 жылда газын, светын, ия суын кіргізетін уақыт болды. Я газ жоқ, я су жоқ, я свет жоқ. Ұрлап жатыр бәрін. Түнімен ұйықтай алмаймыз. Мен есік-терезесін салып қойдым.

Жарқынай САМАЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы жердегінің бәрі квартирада тұрады, квартираға бір төлейді, одан қалды тұрмаған жерге налог төлейміз. Үй салып қойып тұрмыз. Свет, газ берсе, бәрі көшіп келейін деп тұр.

Нұрислам ҚҰЛНИЯЗОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

12 жыл жерді күттік, 12 жыл үй саламыз ия? Міне бес жылы өтті, Тағы жеті жыл саламыз. Сосын қашан өмір сүреміз?

Ауданда әр жер телімінің  жанынан газ құбыры жүргізілген. Бірақ, "бұл -жай көзбояушылық" дейді тұрғындар.  

Тұрар ИСМАИЛОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Газ құбырын 2018-ден бастады. 2020 жылы бітіріп, опрессовка істеп, келесі жылы берді. Оны не үшін жүргізіп қойды? 3 жыл болды, әлі тұр.

Әкімдік өкілдерінің жауабы дайын. Бәрі құжаттардың әзірленуіне байланысты. Айтуларынша,электр энергиясының сметасы  белгісіз себептермен қайта әзірленіп  жатыр. Су құбыры жобасы дайын. Бірақ екеуі де әлі мемлекеттік сараптамадан өтпеген.

Дәулет НӘБИХАН, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Скрининг оң нәтиже берсе, экологическийді өтпейсіңдер, прямой госэкспертиза өтесіздер десе, біз госэкспертизаға документ тапсырамыз. Ол 45 күн ішінде болады. Біз бәрінің қорытындысын айта алмаймыз. Газ мәселесі былтыр «Ария сервис» компаниясы 2021 жылы тапсырды. Қазір «Қазтрансгазаймақ» АҚ-на документ тапсырып, қосу жұмыстарын енді жүргізіп жатыр.

Жарық пен судың «Парасатта» қашан пайда болатынын әкімдік маманы   айта алмады. Оның жауабына көңілі толмаған тұрғындар  нақты жауап болғанша тыныштық таппаймыз деп тарқасты.   

Г. Сейтенова