Русский Сайттың толық нұсқасы

Көкшетау қаласында «Тең құқық, тең мүмкіндік» атты форум өтті

  • AstanaTV
  • 20 маусым 2022
  • 2625

Көкшетау қаласында «Тең құқық- тең мүмкіндік» атты форум өтті. Онда мүгедектігі бар адамдарды қолдау, оларды қоғамға бейімдеу мәселесі талқыланды.  Шараға қатысқан депутаттар қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістерді түсіндіріп, мүгедектігі бар адамдарды алдымен тұлға ретінде қабылдау керек екенін айтады. Мұнан өзге тағы қандай ұсыныстар болды?  Толығырақ алдағы бейнематериалда.

Мүгедектігі бар адамдардың құқығы туралы конвенцияға сәйкес, денсаулығында ақауы бар адам әлеуметтік көмек алушы емес, қоғамның тең құқылы азаматы болуы керек. Қазақстан бұл құжатты 2015 жылы қабылдағанмен елдегі мүмкіншігі шектеулі жандарға деген көзқарас енді ғана өзгеріп келеді.  

Ләззат ҚАЛТАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Жақында Сенатта 6 кодекс пен 65 заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша жобалар мақұлданды.  Соның ішінде  өте маңызды өзгерістердің бірі терминологияда болды. Енді мүгедек  деген сөздің орнына мүгедектігі бар тұлға сөзі қолданылады. Бұл -әлемдік стандарттарға сай, кез-келген адамның бірінші кезекте тұлға, азамат екенін көрсететін термин.  Яғни бұдан былай есту қабілетінен айырылған студент, мүгедектер арбасындағы турист деген сияқты сөздер қолданылуы керек.

Ақмола облысында 29 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Өңірде 371 нысан денсаулығында кінәрат бар азаматтарға бейімделген. Ал 2025 жылға дейін  бұл 1300-ге жетеді деген жоспар бар.

Ермек МЫРЖЫҚПАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Биыл үкіметтік емес ұйымдардың бастамасымен төрт жобаны жүзеге асыру үшін қаржы бөлдік. Бұл ақшаға 100 шақты мүгедектер арбасы жөнделіп, 50 адамның компьютерлік сауаты ашылып, 300 мүгедектігі бар адамға психологиялық және әлеуметтік-құқықтық кеңес беріліп, 200-ден астам қимыл-тірек аппаратында ақауы бар азаматтарды демалыс орталықтарына жібереміз. Соңғы жылдары бұл мақсаттарға бөлінетін қаржыны екі рет көбейтіп, 1,5 миллиард теңгеге дейін жеткіздік.


Былтыр реабилитациялық жұмыстар бойынша көрсеткіш 94 пайызға жеткен.  Бұл- ел бойынша үздік көрсеткіш.  Форумда  әр сала бойынша үздік нәтиже көрсеткен белсенді азаматтар марапатталды.   
 
С. Селеубайұлы