Алматыда пойыз билеттерін сатып, жолаушыларға заңсыз қызмет ұсынған мыңнан астам адам ұсталды. Жұрт билет таппай, сабылып жүрсе, олар оны табыс көзіне айналдырған. Жылда жаз мезгілінде қайталанатын бұл жағдайға тосқауыл жоқ па? Тілшіміз Серік Селеубайұлы осыған жауап іздеді.
Жаз басталысымен демалысқа шығатын халықтың билет таппай жанталасуы жыл сайын үйреншікті жағдайға айналған. Биыл да жұрт билет таппай сенделіп жүр. Оның үстіне теміржол билеттері біршама қымбаттаған.
1. 20 алып едім. Қайта он бесіне алайын десем арасы 5-6 мың бағасының.
2. Алматы жаққа билет табылмай жатыр дейді ғой.
3. Көбі билет болмайды деп айтады да, сосын екі ай бұрын алуға бара жатырмын.
3. Здесь трудно покупать. Я в Ерейментау покупал.
Дегенмен аяқ асты жол жүру керек кездер болатыны белгілі. Осындай сәтте тығырыққа тірелгендерге көмектескіш пысықайлар бар көрінеді. Полицейлер Алматының бір ғана вокзалынан сондай мыңнан астам адамды ұстаған. Олар жолаушыларға заңға қайшы қызметтер ұсынып, қосымша ақы талап еткен.
Жандар ӘБДІҚАПАРОВ, «АЛМАТЫ-1» ЖЕЛІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТАҒЫ:
Жыл басынан бері Алматы-1 стансасындағы желілік полиция басқармасының қызмет атқару аумағында 1300-ден аса азамат әкімшілік жауапкершірлікке тартылды. Сонымен қатар, жол жүру билеттерін сатып алу қызметін ұсынған 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Дәл осы алыпсатарлықтың алдын алу үшін теміржолшылар 2019 жылы билет алудың автоматтандырылған жүйесін енгізген болатын. Арнайы порталдан бір адам өзінің жеке кабинеті арқылы санаулы билет ғана сатып ала алады. Алайда билет таппаған жұртшылық әлі де вокзалға ағылып, жылпостарға жем болып жүр. Заңсыз кәсіпке айыппұл да тосқауыл болар емес. Себебі, қолданыстағы заңнама бойынша оларға небары 15 мың теңге айыппұл салынады немесе 5 тәулікке дейін қамалады.
Ерлан ЖИМАЙЫЛОВ, "ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ" АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Билет болмай қалса электронды кезекке тұруға болады. Тізімге ену үшін адамдар порталға өзі жайлы деректерді енгізіп, пойыздың нөмірі мен күнін жазу керек. Егер белгілі бір бағыт бойынша біреу билетін қайтарса, кезекте бірінші тұрған адам сатып ала алады. Барлық операцияны үйден шықпай-ақ, bilet.railways.kz сайты арқылы жүзеге асыруға болады.
«Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы билет тапшылығын жою мақсатында бар мүмкіндік жасалып жатқанын айтты. Ол үшін қосымша пойыздар мен вагондар санын арттырған.
Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ, ТІЛШІ:
Қазір жазғы маусымда 158 бағыт бойынша пойыз қатынауда. Бірақ бұл да жолаушылардың жүктемесіне төтеп бере алмай тұр. Себебі, елімізде пойызбен саяхаттаушылар көбейген. Биыл 5,6 млн адам осы көлікті пайдаланыпты.Әсіресе елордада, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында сұраныс жоғары.
С. Селеубайұлы