Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығынды кім өтейді?

  • AstanaTV
  • 22 маусым 2022
  • 1002

Түркістан облысындағы шаруалар шығынға баттық деп шырылдап отыр. Жетісай ауданында жауған бұршақ аралас жаңбыр екі ауылдың егістігі мен пісіп тұрған бақша өнімдерін тып-типыл етіп кетіпті. Әсіресе, мақталық алқаптар жарамсыз күйге түскен. Ал бірер күнде сатылымға шығарамын деп отырған қауын-қарбыз сол күйі егістік басында солып қалған. Диқан қауымның есебінше шығын көлемі бірнеше миллион теңгеден асады. Қомақты шығынды енді кім өтейді? Есіл еңбектің еш кеткені ма?   

Шығынға шаш етектен баттым дегендердің бірі Байдала ауылының тұрғыны - Бердияр Еділбаев. Он гектар жерге еккен жүзім, мақта мен жүгерісі жарамсыз болып қалған. Бұршақтың салдарынан күнкөрістен қағылдым дейді.

Бердияр ЕДІЛБАЕВ, ШАРУА:

Бір мәрте бұзылып еккен мақта еді бұл жер, шығыны бір миллион бір жүз мың теңгеге барып қалды бұл жер. Төрт гектардың өзі, айдатуың бар. Солярка қымбаттады деді. Ал, жүзімді өздеріңіз көріп тұрсыздар, Үш миллионға барып қалған ол шығын. Ол жүзім өнім бермейді биыл, уже бітті.


Табиғаттың тосын мінезінен Жетісайдағы Қызылқұм мен Ділдәбеков ауылдық округтерінде мың гектарға жуық алқапты бұршақ ұрып кеткен. Шаруалар қарызданып еккен, ерте көктемнен бергі есіл еңбектің өтеуін кімнен сұрарын білмей дал.  

Абдулла МЕЙІРБЕКОВ, ШАРУА:
    
Қарызданып, қауқаланып, қанша қарыз ақша алдық зауыттардан осыған. Мына өнімнен береміз ертең, дарбыз сатқаннан кейін береміз деп. Мақтамызды сатқаннан кейін береміз деп. Осының бәрі. Енді білмеймін осы шығынымызды қалай өтейтінімізді. Қалай ақша тауып беретінімізді. Әкімшілікке барып айттық, шаруашылық бөліміне, әкімшілікке. «Біз ешқандай жәрдем бере алмаймыз, табиғи апат»,- дейді.

Низамхан БОЛАТҰЛЫ, ШАРУА:

Жалпы қазір қарбыздың өзіне  6  миллион кетіп отыр. Арғы жағында қауыным бар тағы, оған да шығын аз емес. Осы қарбызды мен келісіп қойған едім адамдармен он күнде үземін деп. Барлығы кетті, жарамсыз. Не істеймін енді, қайда барамын?!

Егіншілікпен күнін көріп отырғандар жағдайға куә болсын деп әкімдік өкілдерін де шақыртыпты. Алайда олардың  жауабы қуанта қоймаған. Шенеуніктер мақталық пен бақша дақылдары сақтандырылмаса, шығын өтелмейді деп қысқа қайырған. Өйткені сақтандыру компаниялары субсидия беру тоқтағалы ауданға ат ізін салуды қойыпты.

Марат ӘБУОВ, ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
 
Мұндай жағдайда мемлекет тарапынан оларға шығындарын төлеу мәселесі қарастырылмаған. Шаруалар өздерінің күштерімен агротехникалық шараларды жүргізу, минералды тыңайтқыштарды беру сияқты күшейтілген жұмыстарды жүргізудің арқасында қалған өнімдерді алып қалу сияқты жұмыстарды жүргізуі керек.

Шырылдаған шаруалар Төтенше жағдайлар бөлімінен де көмек жоғын айтады. Минералды тыңайтқыштар мен жанар жағармай да қымбаттап кетті деген диқандардың ендігі үміті Үкіметте. Қайта егін егуге уақыт та, қаржы да жоқ деп отыр.

А. Төребекқызы