2024 жылға дейін Ақмола облысының бірқатар елдімекендері газбен қамтылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің Бурабай курорттық аймағында өткен көшпелі баспасөз мәслихатында аймақ әкімі Ермек Маржықпаев мәлімдеді. Ол мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биылғы жылдың алғашқы 5 айын қорытындылады.
Еліміздің солтүстігінде егістік жерлерінің көлемі 5,1 млн гектарға жетті. Бұл республика бойынша жоғары көрсеткіш дейді Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев. Оның айтуынша, былтырғы өнім жаман болған жоқ. Ауданда орналасқан зауыттардың да халық игілігін көріп отырғанын жеткізді.
Ермек МАРЖЫҚПАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Жыл сайын біз ел астығының төрттен бір бөлігін өндіреміз, бұл ретте біз астыққа, тұқымға және азыққа деген ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етеміз. Жыл сайын 28 елге 2 млн тоннадан астам астық экспортталады.
Талғат ЕРСЕЙІТОВ, БҰЛАНДЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
250 мың га біз себеміз, соның ішіндегі көбісі бидай. Бидайды сеуіп енді, енді сіз қазір май заводқа барасыздар. Құс фабрикасы да бар. Сонда 60 мың тонна ет шығарылады.
Ал, Бурабай курорттық аймағында өткен көшпелі баспасөз мәслихатында облыстың 200-ге жуық елді мекені 2025 жылға дейін таза ауыз сумен қамтамасыз етілетінін хабарлады. Осы бағытта өңірде 60-тан аса жоба жүзеге асырылып жатқанын дәлел етті. Сондай-ақ, Қосшы қаласына, Қараөткел және Қоянды кенттеріне 2024 жылы газ тартылады деді.
Азамат АЛДАБЕРГЕНОВ, БҰЛАНДЫ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ ЖАНЫНДАҒЫ "МАКИНСК ЖЫЛУ" ШАРУАШЫЛЫҚ ЖҮРГІЗУ ҚҰҚЫҒЫНДАҒЫ МКК ДИРЕКТОРЫНЫҢ м.а.:
140 мың үйді қамтамасыз етіп тұрмыз қазір жылумен. Жылу осы жылы жақсы болды. Биыл бірінші рет тасты көмірді бірінші рет пайдаланып отырмыз.
Сондай-ақ, Ақмола облысында биыл кірпіш зауыты мен гидрометаллургиялық кешен іске қосылады. Аршалы ауданында жылына 6 мың тонна құс етін өндіретін кәсіпорынның тұрақты жұмысы есебінен, өңірде өнім өндіру айтарлықтай өскен. Алдағы күзде Орта Азиядағы ең ірі «Макинск құс фабрикасы» құрылысының 3-ші кезеңі аяқталмақ. Бұл келешекте құс етінің импортын 15 пайызға азайтуға мүмкіндік бермекші.
Ә. Дүкембаева