Русский Сайттың толық нұсқасы

Жерлеу рәсімі қымбаттап кеткен

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2022
  • 2457

Қымбатшылық жерлеу рәсіміне де жеткен. Ел ішінде марқұмды соңғы сапарға аттандыру жоралғысына кететін шығын екі есеге өскен.  Ranking  сайты әсіресе Маңғыстауда бұл жоралғы 62 пайызға өскенін хабарлады. Баға неге құбылды? Кәсіпкерлердің бұған айтар уәжі бар. Тілшіміз біліп келді.

Алматыда барлық жөн-жоралғыны сақтай отырып, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға кем дегенде 150 мың теңге қаражат кетеді екен. Оның ішіне табыт, мата, кілем, мәйітті тасымалдайтын көлік пен жерлеу кіреді. Кейде марқұмды басқа қалаға тасымалдау қажеттігі туындайды. Енді бірі зират басына қоятын тасын ерекшелеуді қалайды. Ал енді бірі сапалы табыт сұрайды. Осыдан барып, баға өсе береді дейді кәсіпкерлер.

Лариса ШАРОНОВА, ЖЕРЛЕУ РӘСІМІН ҰЙЫМДАСТЫРАТЫН КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ:

Қажетті құрал-жабдыққа кететін шығынның өсуіне байланысты бізге де бағаны көтеруге тура келеді. Оның ішінде жанармай,  ағаш, түрлі қосалқы атрибуттар, цемент, құрылыс материалдары бар. Қызметкерлерге де осыдан айлық төлейміз.  

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Қабір тастарының бағасы да әртүрлі болады. Сатушылардың айтуынша, ол тастың өлшеміне, салмағына байланысты екен. Мысалы, мына жердегі ең арзан тас 5000 теңгеден басталып, мынадай үлкендері 1.000.000 теңгеге дейін барады екен.

Миллионға дейін баратындары, көбінесе, гранит, мәрмәрдан жасалған биік тастар. Олар Балқаштан әкелінеді. Дизайны да әр сатып алушының талғамына қарай өрнектеледі.

Жайна КЕНЖАЛИНА, КӘСІПКЕР:

Енді биылғыдан қараған кезде ана жылы арзан болды. Биыл қымбаттады. Где-то 20 пайызға қымбаттады. Но бірақ бағасын түсіріп сатып жатырмыз. Ана жылғымен бірдей қылып сатып жатырмыз. Қазір енді халықта ондай ақша жоқ қой.

Қазақстан бойынша жерлеуді ұйымдастыру бағасы, әсіресе Маңғыстау облысында көш бастап тұр. Онда аталған қызмет құны шамамен 62 пайызға өскен. Мұнан соң Алматы, Атырау облысы тұр. Бұқара жерлеу рәсімінің де монополияланғанына наразы.

Александр СОТНИКОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл қызметтер монополияланған. Нарықтағы беделін пайдаланып, бағаларын көтеріп тастайды. Осылайша, халыққа басқа амал қалдырмайды. Моральдік тұрғыда да бұл дұрыс емес деп ойлаймын.

Мұхтар ТАШКЕНБАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Халық қазіргі қиналып жатқан заманда ақшасы жоқ, жұмыстары көпшілігінде жоқ. Сол заманда мұны дұрыс емес деп ойлаймын. Бәрі жағдайда халық үшін қызмет ету керек!

Дегенмен, баға қаншалықты өссе де, халық бұл қызмет түріне жүгінуге мәжбүр екендерін мойындайды. Биыл жыл басынан бергі қызметке төленген қаржы мөлшері 1,8 миллиард теңгеден асқан. Бұл өткен жылдан 2 есеге көп.

М. Жақан