Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлттық домбыра күні қарсаңында «Dombyra party» акциясы өтті

  • AstanaTV
  • 01 шілде 2022
  • 2030

Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық домбыра күнін тойлау басталды. Екі жарым мыңнан астам адам «Dombyra party» акциясына қатысты.  Күй күмбірлеп, ән әуеледі. Тіпті  кішкентай бүлдіршіндер де домбыра шертіп, күй ойнатты.  Көрермендер де қарап қалған жоқ.   Шараға қатысып келген тілшіміз Ақбота Базарбайдың бейнематериалы.  

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Домбыра күніне орай "AMANAT" партиясының жастар қанаты елорда тұрғындары мен қонақтарына керемет мереке ұйымдастырды.  Байтерек маңында алтын домбыра өнер орталығының 150 оқушысы құлақтың құрышын қандыратын түрлі күйлерді орындауда.

Өнерлі бүлдіршіндер «Ерке сылқым», «Адай», «Балбырауын», «Әке толғауы» сынды әйгілі туындыларды бір уақытта орындады. Ұйымдастырушылар күй арасында үзіліс жасап, көрермендерге қызықты сұрақтар жасырды. Жауабын тапқандарға сыйлықтар берілді.

Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Еліміздің әрбір қаласында, әрбір ауылында 2500 астам жастар, бүлдіршіндер бір уақытта біз осы атап өткен күйлерді орындайтын болады. Қымбатты қала тұрғындары, қонақтар, жас бүлдіршіндер баршаларымызға өзіміздің мерекеміз, ұлттық мерекеміз Ұлттық домбыра күні құтты болсын.

Бұндай шара тек еліміздің астанасында емес, басқа да өңірлерде өтуде. Ұлттық өнерді ұлықтаған қарағандылықтар да  домбырасын қолға алып,  қала орталығында бас қосты.

Қуаныш СЕЙІТХАН, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ:

Домбыра деген ол қазақтың, әрбір қазақпын деп жүрегі соққан адамның ішінде ғой. Домбыра тарта алмайтын ойнай алмайтын, домбырада ән сала алмайтын қазақтың ішінде де күмбірлеп жатады деп ойлаймын өз басым. Өзіміздің аспабымыз болғаннан кейін оны насихаттамағанда басқа не нәрсе насихаттаймыз. Осындай мерекелік шара болып жатыр дегеннен кейін алып ұшып осы жерге келген жайымыз бар.

Жансая МҰХТАРХАН, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Домбыра қазіргі таңда өзінің  құндылығын қайтадан қалпына келтіріп жатыр деп ойлаймын, осындай патилардан көре аламыз. Бізге қатты ұнап жатыр.Өйткені қазіргі таңда жастардың қызығушылығы гитарадан домбыраға ауысып жатыр. Бұл өте керемет деп ойлаймын.


Енді елімізде кең ауқымды қамтитын «Қасиетті домбыра» байқауы басталады. Оған  10-15 жас аралығындағы жасөспірімдер мен 16-35-тегі  жастар қатыса алады.  Үш кезеңнен тұратын конкурсқа өтінімдер 31 шілдеге дейін қабылданады. Толық ақпаратты жастар ұйымының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан білуге болады.

А. Базарбай